Шымкент – шенеуніктері ең аз қала

Б. ЕРНАЗАР

04.09.2020, 13:21

429

 Президент жолдауынан кейін жергілікті әкімдіктерде актив мәжілістері өтіп, мемлекет басшысы берген тапсырмаларды талқылау басталды. Жылдағы үрдіс бойынша жолдауды қолдау шаралары да жалғасып жатыр.

Шымкентте де осы аптада  жолдауды талқылауға арналған жиын өтті. Қала басшысы Мұрат Әйтенов мәжілісте өте маңызды деген мәселелерге тоқталды.  Әкім жолдауда баса мән берілген  білім және денсаулық саласын дамытудың аса маңызды басым бағыттардың бірі екенін, білім саласында сапаға мән беруге назар аударып, шаһарда медицина кластерін қалыптастыруға барлық жағдайдың бар екенін атап өтті.

– Мемлекет баланы мектепке дейін жан-жақты тәрбиелеуге баса назар аударды. Шымкентте алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту – 86,1 пайыз. Мұны 2025 жылға дейін 100 пайызға жеткізу қажет. Бірақ көрсеткіш қуамыз деп, сапаны естен шығармаған жөн. Қазір қаладағы 526 мектепке дейінгі ұйымның 85 пайызы жекеменшіктің үлесінде. Ондағы тәрбие сапасына айтылып жатқан сын да жоқ емес. Мемлекеттік органдар мен ата-аналар бірлесіп, санды сапаға айналдырар кез келді. Қалада 19 үш ауысымды мектеп бар. Жылына мектеп оқушылары 12 мың балаға көбейіп отырғанын ескерсек, осы жағдайды ұстап тұру үшін бізге жылына кем дегенде 5-6 мектеп салып отыру қажет. Бұдан былай денсаулық сақтау саласы басты назарда болады. Биыл саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6 миллиард 660 миллион теңге қарастырылып отыр. Жалпы, Шымкентте медицина кластерін қалыптастыруға барлық жағдай бар, – деді шаһар басшысы.

Мұрат Әйтенов жолдауда көрініс тапқан бес бағытты және белгіленген міндеттерді орындау үшін нақты шаралардың жүзеге асатынын айтты.

– Біріншіден, мемлекеттік басқару ісінде үлкен өзгерістер күтіп тұр. Өңірлер арасында мемлекеттік қызметкерлердің саны ең аз қала Шымкент екенін ескере отырып, қысқаруды қиындықсыз ұйымдастырып, мемлекеттік қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыруды тапсырамын. Екіншіден, президент өңдеу өнеркәсібінің өсімін алдағы бес жылда 1,5 есеге арттыру қажет екенін атап өтті. Сондықтан қаладағы Бозарық қосалқы станциясының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау қажет. Себебі қуат көздерінің тапшылығы бизнестің дамуына қолбайлау болып отыр, – деген әкім бес басым бағытты атап көрсетті.

Шымкент қаласын ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу орталығына айналдыруға барлық мүмкіндіктер бар. Түркістан және Жамбыл облыстарындағы ауылшаруашылық өнімдері Шымкентте өңделіп, ішкі және сыртқы нарыққа шығаруға сұранып тұр.

– Қалада мамандар дайындайтын оқу орындары жетеді. Транспорттық-логистикалық желі дамыған. Төрт жолдың торабында отырмыз. Сондықтан агроиндустриялық аймақты қалыптастыру жұмыстарын жеделдету керек. Орынбасарым Айбек Сәттібаевқа өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығын дамытудың бесжылдық жоспарын әзірлеуді тапсырамын, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Сондай-ақ халықтың әлеуметтік әл-ауқаты басты басымдыққа ие. Нарық жағдайында әр азаматтың баспаналы болуы тікелей өзіне байланысты. Десе де, мемлекет тұрғын үй құрылысын тікелей қолдап отыр. Шымкентте 1 миллион шаршы метрді құрайтын 262 көпқабатты үй салынып жатыр. Қазір қалада 40 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Биыл 976 адам баспаналы болады.

Қала әкімі халықты баспанамен қамту бойынша орынбасары Бауыржан Мамыталиевке тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтудың бесжылдық жоспарын әзірлеуді тапсырды.

– Табиғи өсім мен миграцияны ескерер болсақ, тұрғын үйге деген сұраныс ешқашан төмендемейді. Мемлекеттік билік халық саны мен тұрғын үй құрылысының қарқынын ұштастыруға тиіс, – деді қала әкімі.

Енді білім мен денсаулық сақтау саласындағы жағдайға қайта оралсақ. Бүгінде үшінші мегаполисте коронавирус індетіне қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Ауру жұқтырған науқастардың саны күн санап азайып келеді. Қалада қызмет бабында COVID-19 инфекциясын жұқтырған 30 дәрігерге 2 миллион теңгеден өтемақы берілді. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимирхан Варзиловтың айтуынша, жалпы, қала бойынша 185 медицина қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырған. Олардың қатарында жедел жәрдем қызметінің, провизорлық орталықтардың және емханадағы фильтр кабинетінің қызметкерлері бар. Қазіргі таңда 30 қызметкерге МӘМС арқылы 2 миллион теңгеден өтемақы берілді. Қалған мамандардың құжатын арнайы комиссия тексеру үстінде.

Айта кетейік, медицина қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 миллион теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік төлем берілуі тиіс. Ал маман аталған індеттен көз жұмса, 10 миллион теңге бөлінеді.

Білім беру жүйесі де басты назарда. Жуырда қала ұстаздарының тамыз конференциясында осы саладағы өзекті мәселелер мен жетістіктер сараланып, жаңа оқу жылына арналған міндеттер айқындалды. Онлайн режимінде өткен іс-шараға барлығы 10 мыңнан астам адам қатысты.

Конференцияда қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы 2019-20 оқу жылында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, эпидемиологиялық жағдайға байланысты жаңа оқу жылында 14 940 бастауыш сынып оқушысына ата-аналардың өтініші негізінде, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, 996 кезекші сынып ашылады. Шәкірттер бір кабинетте бір мұғаліммен ғана оқиды. Сыныптағы балалар саны 15-тен аспайтын болады.

Мектептер «Bilim Iand – Onlinemektep.orq» интернет платформасында қашықтан оқытуға толығымен дайын. Шымкент қаласына сервер орнатуды «Қазақтелеком»  арқылы қамтамасыз етуде.  Сонымен қатар 36 мектепке ішкі әжетханалар орнату мәселесі шешіліп, 136 мектеп 100 пайыз бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етілді.

Бүгінде мегаполисте құрылысы жүріп жатқан білім нысандарындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Бұл жұмыстарға, жалпы, 200-ден астам құрылысшы тартылған. Мектептер қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Биыл қалада 13 мектеп пен екі өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін сегіз мектеп пайдалануға берілсе, бес мектептің құрылысы 2021 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Тегтер: Шымкеент шенеунік пайым пікір мәселе қоғам

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:55
Шымкенттік жас ғалым ғаламат технология ойлап тапты
Сайт әкімшілігі 14:44
Кавасакимен ауырған бала жоқ
Сайт әкімшілігі 14:37
Қоқыс мәселесі шешімін табуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14:28
Қарағандыда тағы да төрт елді мекенде құс тұмауы бар деген жормал жасалды
Сайт әкімшілігі 09:57
Павлодар облысында 9 оқушыдан коронавирус анықталды
Сайт әкімшілігі 27.09.2020, 15:39
Шымкенттің ирригация жүйелері жаңаруда

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43