Сиыр жылы Әйтеновке қандай сый әзірлеп тұр?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

30.12.2020, 09:37

1416

2020 жылы Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін иеленді. Халқының саны миллионнан асатын, осыдан екі жыл бұрын республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкент үшін бұл үлкен абырой, мүмкіндік еді. Шыны керек, төрден түсіп бара жатқан тышқан жылының «осындай еді» дегізетін өкінішті тұстарының көп болғаны рас.

Шымкент жылды үлкен ауыс-түйіспен бастады. Былтыр шілдеде Тоқаевтың жарлығымен Шымкенттің әкімі болып тағайындалған Ерлан Айтаханов ойда-жоқта қызметінен босатылды. Жарлықта «басқа қызметке ауысуына байланысты» деген әдеттегі сөз де қолданылған жоқ. Осының өзі мұның артында біраз жұмбақтың барын білдіргендей еді. Осылайша қазақ ақындарының өлеңдерін Шымкенттің көшелеріне іліп, зиялы қауымның арасында әжептәуір абырой жинаған, тіпті кейбір басылымдар  «Жыл әкімі» деген номинация беріп үлгерген Айтахановтың Шымкенттегі дәуірі алты айға да жетпей қалды. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымын екі рет атқарған, одан кейін Отырар ауданының тізгінін ұстаған Ерлан Қуанышұлының карьерасы кілт үзілді. Оған жоғарыдағыдай қолпаштаулар мен мақтаулар әсер етті ме деген де ой келеді.

Ал жаңа әкім Мұрат Әйтенов елордадан келді демесеңіз, осы оңтүстік өңірдің тумасы. Жасы 39-да. Әйтенов Шымкентті соңғы жылдары басқарған әкімдердің ішіндегі ең жасы болып есептеледі. Салыстырып қарар болсақ, Шымкентке Ғабидолла Әбдірахымов – 40, Нұрлан Сауранбаев – 50, Ерлан Айтаханов 48 жасында әкім болған екен. Әйтенов  Шымқалаға  президенттің іс басқармасы басшысының орынбасары лауазымынан ауысып келді. Келген бойда оның экс-президент командасындағы кадр екені жөнінде әңгімелер айтыла бастады.

Бәлкім, ол рас та шығар. Тамызда Түркістан облысына  президент Қасым-Жомарт Тоқаев ат басын тіреді. Мемлекет басшысы  Мырзакентте су астында қалған ауылдардың халқына арнап  салынған тұрғын үйлермен танысты. Одан әрі былтыр жарылыстан зардап шеккен Арысқа арнайы барды. Сапар Түркістан қаласында жалғасты.  Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапары барысында Нұр-Сұлтаннан Шымкент әуежайына ұшып келді (Ақорданың таратқан видеосында президентті Шөкеев пен Әйтеновтің қатар тұрып күтіп алғаны көрсетілді).  Мемлекет басшысының үшінші мегаполистің әуежайы арқылы ұшып кеткені де айдан анық еді.  Алайда облыстың түкпір-түкпірін аралап шыққан мемлекет басшысы сол жолы Шымкентке соқпай кетті. Мұны әркім әрқалай жорыды (содан бір жыл бұрын Түркістанға іссапармен барған Н.Назарбаев Айтаханов тізгінін ұстап отырған Шымкентке соқпай кеткен кезде де әрқилы әңгімелер айтылған).  Жалпы, Түркістанға іссапармен келген премьер, министр, басқа да лауазымды шенеуніктердің ішінде Шымкентке соқпай кетпейтіні некен-саяқ.

        Мегаполиске келіп  тұрып қалай соқпасын?!  Елордадан келген ақжағалылар міндетті түрде қаладағы  бір-екі нысанды аралап кететін.  Миллионнан астам тұрғыны бар шаһарда көретін, аралайтын, талқылайтын мәселе жоқ болушы ма еді?! Президент те сол жолы үшінші мегаполиске аялдап, тым құрығанда «екінші толқынға» дайындық барысын бір пысықтауы керек еді. Алайда Тоқаев Шымкентке келіп тұрып, бас сұқпай кетті. Арада бір ай өткенде оңтүстікке Н.Назарбаевтың сапары басталды. Экс-президент алдымен Түркістанға барды. Ертеңіне ол премьер-министр А.Маминді, бірқатар министрлерді алдына салып  Шымкентке келді, бірнеше нысанды аралады. Осының бәрі ел арасында түрлі әңгімелерге сеп болды. Бұл кейінгі жылдары көп айтылатын  қос биліктің көрінісі ме, әлде кездейсоқтық па, кім білсін. Бірақ «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын» да мойындау керек.

Әйтенов қызметіне келген бойда «Мәдени астана» жобасына қызу кірісті. Қаңтарда әкімдікте өткен жиында ол мәдени астананың ашылу салтанатын Наурыз мерекесінің қарсаңына белгілегенін мәлімдеген еді. Алайда наурызда коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай жарияланып, бағдарламалардың бәрі онлайн форматқа ауыстырылды. Әрине, әкімнің іскерлігі той тойлаумен, іс-шара ұйымдастырумен өлшенбейді. Баса айта кетері, Әйтеновтің бұған дейін әкімдік қызметте жинаған тәжірибесі болған жоқ. Ондай кадр  миллион халқы бар мегаполисті игеріп кете ала ма?  Осындай күдік-күмән біраз уақыт бойы сейілмеді.

 Мұрат Дүйсенбекұлының Шымкенттегі жұмысы алғашқыда сәтсіздеу басталды.  Сәуірде біз «Жас Алашта» үкіметтің үш айлық қорытындысы бойынша өткен отырысында 17-ші өңір – Шымкенттің көрсеткіштер бойынша 17-ші болып аталғанын жазған едік.  Шымкент жыл ортасында да ортадан жоғары көтеріле алмады. Маусым, шілдеде белгісіз өкпе қабынуы мегаполисте қаттырақ өршіді. Әлеуметтік желіде науқастарды ауруханалардың қабылдамай жатқаны жөнінде видеолар жарияланды. Артынша президент  Шымкенттің әкіміне тәртіптік жаза берді. Осы аралықта Әйтеновке орынбасар шақ келмеді. Талай әкіммен шәй деспей жұмыс істеген, әкімдіктің жұмысына әбден ысылған біраз азамат қызметтерін тастап кетіп қалды. Шымкенттегі жағдай жылдың ортасынан кейін оңала бастады. Мегаполис алты айдың қорытындысында ортаңғы топқа енсе,  тоғыз айда үздік жетіліктен көрінді.

Шымкентте биыл құрылыс қарқын алды. Әсіресе жол жөндеу жұмыстары. Алайда бұдан көшедегі көлік кептелісі жеңілдеген жоқ. Қайта, керісінше, кептеліс Шымкенттің ең басты проблемаларының біріне айналып келеді.

Әйтеновтің халықтың талап-тілегіне, арыз-шағымына құлақ түретін әкім екені байқалады. Онлайн қабылдауларды жиі өткізеді. Сондай-ақ Шымкентте биыл инвестиция тартуда жемісті жұмыстар атқарылды. Алайда біраз жоба қаңтарылып тұр.  Ипподромның орнында заманауи тұрғын үй кешенін тұрғызу жөніндегі Шымкент қалалық әкімдігі мен атақты BI Groub компаниясының жоспары  ойламаған жерден күрт басқа арнаға бұрылды. Қала әкімі қыркүйектің басында вице-премьер Роман Склярға  ипподромның орнына салатын комфорт және бизнес санаттағы тұрғын үй кешенінің жобасын таныстырып та қойған еді. Құрылыстың көктемде қызу басталатыны айтылды. Алайда бұған іле-шала, уақтысында Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының бас сәулетшісі қызметтерін атқарған белгілі сәулетші Асқар Мамырбаев бастаған топ қарсылық білдіріп, әлеуметтік желіде әкім Әйтеновке жазған ашық хатын жариялады. Осыдан кейін әкімдікке тізгін тартуға тура келді. Қала басшылары енді ипподромның орнында тұрғын үй кешенін салуға қатысты қоғамдық тыңдау өткізетінін мәлім етті.

 Жуырда елордада орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Шымкенттің әкімі ипподромға қатысты қоғамдық тыңдаудың өткізілетінін тағы да қайталады. Алайда оның қашан өтетіні белгісіз күйде қалып отыр.  Шымкенттің жаңа әкімшілік іскерлік орталығын жарықпен қамтамасыз етеді деген Бозарық қосалқы станциясының құрылысы 2016 жылдан бері бітпей келеді. Әбдірахымов, Сауранбаев, Айтаханов «Бозарықты биыл бітіреміз» деп, елді  құрғақ уәдеге қарық қылып келді. Әйтенов жыл басында халыққа берген есебінде «Бозарықты биыл аяқтаймыз» деген еді. Шымкент әкімінің уәдеге қаншалықты берік екенін білетін кез таяп қалды.

P.S. Имиджге жұмыс істеудің шебері Ғабидолла Әбдірахымов Шымкентте әкім болған жылдары  шайтанарба көп мінді, халықты әйелге теңеді, «Ең әдемі әкім» деген номинацияның жеңімпазы атанды, әйелдеріне ие бола алмаған еркектерге ренжіді. Әрбір сөзі «хитке» айналатын әкімнің ақыр аяғында биліктің берген сенімін сарқылтып, масқара жағдайда қызметінен кеткені белгілі.Бір тәуірі, Мұрат Әйтенов өзін көп сөздің емес, нақты істің адамы екенін көрсетіп келеді.      Шымкенттің әкімі келер жылы 40-қа толады. Нағыз қамал алар жасқа жеткен Әйтеновке сиыр жылы нендей сый әзірлеп тұр? Оны уақытында көрерміз.

Тегтер: әкім тағайындау кадр маман мәселесі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 10:35
Оралда әйелін өлтірген шенеунік қамауға алынды
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 10:10
Жыры бітпеген электронды жүйе
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.04.2021, 15:25
Кәсіпкердің көлігі өзеннен табылды
Сайт әкімшілігі 19.04.2021, 09:17
Нұр-Сұлтанның сол жағалауы отқа оранды
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 22:46
Жетісайдың қырықабаты экспортқа кетіп жатыр
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 15:51
Түркістанда балық шаруашылығы жақсы дамып келеді

Аңдатпа


  • Жыры бітпеген электронды жүйе
    10:10
  • Артық мұнай қоры бітуге жақын - БАҚ
    19.04.2021, 10:25
  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08