Сот саласының цифрлануы жемқорлықтың алдын алуға ықпал етуде

Ерзия ЕРСҰҢҚАР

29.07.2021, 17:23

398

Сот жүйесі – елімізде алдыңғылар болып сандық жүйеге көшкен салалардың бірі. Оның басты игілігін былтыр әлемді жайлаған пандемия кезінде, барлық жер карантинге жабылғанда қатты сезіндік. Сот саласының мамандары «қазір соттасатын уақыт емес» деп, халықты барынша сабырға шақырып, істі сотқа жеткізбей шешуді өтінгенімен, кейбір кезек күттірмейтін сот істері онлайн сот арқылы жүргізіліп, шешім шығарылып жатты.

 

         Халық онлайн арызданып, қашықтан сотқа қатысып, үйінде отырып-ақ сот шешімін естіп жатты.Індет өршіп, ұлт денсаулығын сақтау басты мақсат болып отырған кезеңде маңыздысы да осы еді.  Онсыз да жүктемесі ауыр судьялар істер қордаланып жатып қалмау үшін онлайн сот отырыстарын өткізіп, жол таба білді. Жалпы, жүйенің уақтылы сандық жүйеге бейімделуінің арқасында сот жүйесі заманауи ақпараттық технологиялар арқылы электронды ісқағаздарын жүргізіп, сот істерін уақтылы атқарып, үлкен жұмыстар жасады. Мәселен, «Сот кабинеті» сот органдарының электрондық сервистеріне қол жеткізуге арналған бірыңғай терезе болса, электронды сот ісін жүргізуді дамытуға, оның ашықтығы мен қолжетімділік деңгейін арттыру мақсатында «Мобильді сот кабинеті» және «Процеске қатысушының күнтізбесі» сервистері жұмыс жасайды. Бұл, жалпы, халықтың уақытын үнемдеп қана қоймай, саланы ашықтыққа, жариялылыққа бейімдеген қызмет болды.

       Мысалы, «Мобильді сот кабинеті» сервисін кез келген тұлға немесе заңгер, адвокат мамандар өздерінің ұялы телефондарына қондыру арқылы еліміздің сот жүйесіндегі жаңалықтарды қарауға, онлайн режимінде жоспарланған сот отырыстары туралы ақпаратпен танысып, сот отырысының өтетін күні, орны және уақытын біліп отыруға мүмкіндік туды. Саланың онлайн қызметі арқылы сотқа ұсынылған барлық құжаттарды қадағалауға және қажетті құжаттарды жүктеуге мүмкіндік болды. Ең бастысы, сандық жүйенің арқасында судьялар қарайтын істер автоматтандырылған жүйе арқылы бөлініп отырады. Бұл салаға адам факторы араласпай, істердің арнайы жүйе арқылы бөлініп, жемқорлықтың алдын алуға да өзінің оң ықпалын тигізді. Бұл өз кезегінде халықтың сот жүйесіне сенімін арттырды. Сот саласы мамандарының басты мақсаты да осы – халықтың сенім үдесінен шығу.

Осындай артықшылықтарының арқасында қазір күнделікті сот тәжірибесінде соттар IT-технологиялар және ғаламтор ресурстарының мүмкіндіктерін көбірек пайдалануға ден қойған. Жаңа технологиялардың сот ісін жүргізу уақытын елеулі түрде қысқартып, сот жұмыстарының көрсеткіштерін оңтайландырып, ең бастысы, халықтың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етуі өте қолайлы болып отыр.

Сондай-ақ бiрыңғай электрондық құжат айналымы сот саласы мамандарын қағазбастылықтан құтқарып қана қоймай, уақытты үнемдеуге, түрлi шығындарды азайтуға айтарлықтай ықпалын тигiзуде. Ал құжат айналымының электрондық тәртiпке көшуi мемлекеттiк мекемелер қызметiнiң ашықтығын қамтамасыз етiп отырғаны байқалады. Кез келген жерде отырып, қолындағы ұялы телефонымен сот отырысына қатысу халыққа да қолайлы болып отыр.

Жалпы, сот жүйесiнде қазiргi заманғы технологияларды енгiзу және қолдану сот iсiн жүргiзудi жеңiлдетiп, бюрократиялық кедергiлердi жойып жатқандықтан, саланың дер кезінде заман сұранысына қарай бейімделуі көпшіліктің көңілінен шығып тұр. Осы орайда, сот отырыс залдарын 100 пайыз дыбыс-бейне тіркеу құрылғысымен жабдықтау арқылы сот отырысын жүргізу барысында туындайтын даулы сәттердің алдын алуға мүмкіндік туды, соттармен де, түзеу мекемелерімен де қашықтан сот отырыстарын өткізуге мүмкіндік берді.  Сондықтан халық игілігі үшін алдағы уақытта да заманауи ақпараттық технологиялар енгізіле бермек.

Саладағы өзгерістерге орай, адвокат Нұра Тынысқызы: «Cаланың цифрлануы – уақыт талабы. Ақ­­парат­тық технология­лар жедел дамып бара жат­қан мына заманда сұранысқа сай бейімделмесек, дамыған елдердің қатарынан көріне алмаймыз. Себебі өркениетті елдердің барлығы осы цифрлық жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жыл­дан-жылға жақсартып келеді. Тек алдағы уақытта ғаламтор жиілігін реттеп, халықты  цифрлық жүйеге бейімдеуіміз керек. Халық сандық жүйенің игілігін сезінуі тиіс», – дейді. Демек, сот саласына бұқараның бейімделуін де қамтамасыз етуіміз керек.

Тегтер: сот жүйесі цифрландыру бастама шешім шара

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ 17.09.2021, 11:38
Қоқыс та қордалы мәселе
Мариям МАҚСАТ 17.09.2021, 09:13
«Басшымыз күн көрсетпейді»
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 17.09.2021, 08:28
Қарағанды облысындағы мектептерде короновирус қаулап барады
Б.СӘРСЕНБИ 17.09.2021, 04:29
«Балаларға вакцина салынады» деген жалған
Еркежан АРЫН 16.09.2021, 16:30
Қазақстандықтар министрліктердің нормативтік-құқықтық актілерін белсенді талқылауда
Еркежан АРЫН 16.09.2021, 13:30
Мемлекеттік қызметшілер қандай төлемдер мен бонустар алады?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39