Сыр елінің құт-берекесі неге қашып тұр?!

Миуа БАЙНАЗАРОВА

08.06.2021, 14:00

1443

Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық ахуалының қолайсыз көрінген тұстарын таразылап көрейік. Біріншіден, егін шаруашылығының алқабын қысқарту керек деп ұрандатып жарияға жар салды. Мүмкін, Сырдариядағы судың тапшылығына байланысты дұрыс әрекет шығар. Бірақ  облыс басшысы ретінде шаруашылықтардың қосалқы шығындарын  мемлекет есебінен қолдау жасаудың тетіктерін қарастырып, үкіметтің табалдырығын тоздыру керек еді. Егіс алқабы қысқартылды. Күріш егу азайғанымен, басқа дақылдарды егуге кеткен шығынын сұрап жағаласқан шаруалардың алды шіліңгір шілденің аптабында әкімдіктің алдын тоздыратынына ешкім кепіл бола алмайды. Өйткені әкімдіктің ұсынысымен еккен дақылдарынан өнім ала алмаған шаруаның ашынғанын сонда көреміз.

 Қызылорда облысының әкімдігіне жанайқайын жеткізем деп келіп, көңілін шермен, кейбіреуі жалалы болып қайтып жатқан қарашаның  санынан жаңыласың. Ерте көктемнен бастап, шаруаның қамымен келген ауыл жұртының меселін қайтарып, аузы дуалы бір адамның түсіндіруге  шықпағанын  қалай түсінуге болады?                                    

  Қанша ауылдың адамы  келіп, қанша ауылдың адамы кеткені туралы нақты мәлімет  те  жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысының саяси  әлеуметтік ахуалының картасына алаңдап отырған идеолог та, идеолог емес те (идиот деп те түсінуге болады) мән беріп сараптап отырған жоқ. Осының кесірінен ауыл-ауылдан тұтанған мәселенің барлығы облыс әкімдігіне келуге итермелеп отыр.

  Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Ахметов журналистерді жинап алып,  алты ай сайын кездесіп, ел ішіндегі мәселені ортаға салып отырамыз деген еді. Бірақ жеті айдың ішінде  қаншама жағдайлар орын алды: акиматты қоршап, мұңын шаққан әйелдер, мәселені айтқысы келген мүгедек  жандар, жер дауымен басы қатқан ауыл шаруалары азық-түлік құнын көтеріп, тұрақтата алмай баға саясатының қырын қарап тұрғаны мынау. Су  тапшылығы, шөптің қурауы, малдың қырылуы. Айта берсек, мәселеден шығу мүмкін емес. Енді осы мәселелерді айтатын идеолог  Серік Ахметов қайда жүр? Міне, осыдан өздеріңіздің жұмыстарыңызды бағалай беріңіздер. Сонда деймін-ау, сыни материалдар оң  құлағынан кіріп, сол құлағынан шығып кеткен бе?

 Облыс  әкімі Гүлшара Әбдіқалықова орынбасарларының немен айналысатынын қадағалай алмай отырған-ды. Облыс басшысы қит еткен мәселенің әкімдікке келіп тірелетінінің себебі осы жерден іздеуге де  дәрменсіз болып отыр.

Облыстағы бірінші тұлғаға жақын адам ретінде әкімдік жүйесіне іріткі салған облыс әкімінің орынбасары мен аппарат басшысы өздері туындатқан күрделі ахуалдың  себеп-салдарын басқа жазықсыз жандардың мойындарына қиып салып, облыстың саяси ахуалын ушықтыра түсті деп бағалауға болады.

Облыс экономикасының құлдырағанын айтып, сөз шығындаудың реті жоқ деп ойлаймын. Әлеуметтік желінің белсенді пайдаланушыларының  бірі «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы соңғы бір жылдағы әрекетсіздіктерінен 20 жылға шегіндік»  деген пікір білдірген. Бұл пікір облыс зиялыларының арасында қызу талқыланған болатын.

Облыс әкіміне суды көп тұтынатын күріш егуді қысқарту арқылы егіс көлемін сақтап қалдық деген жалған дақпырттың қаншалықты қажеттілігі бар? Мемлекеттен берілетін субсидияның жыры мен сыры әкімнің қасы мен қабағына байланысты.

   «Комиссия шешеді» деген желеумен көп шаруашылықтың соры болып басталып, әкімдік қызметкерлерінің былығымен жалғасып жатқан шулы істі құзырлы органдар тергеп жатыр. Бұл да жалпыға ортақ мәселе шығар. Бірақ Сыр елі шаруаларының егістік ерекшелігінің ескерілуі әкімнің бас ауруы  болуы  керек емес пе? Шаруалар мәселесін өздері шешеді. Министрліктің есігін тоздырып жүрген тек Сыр елінің шаруалары ғана емес шығар.  Бірақ жеткен жетістіктері мен жинаған өнімдеріне әкімдік неге ортақтасады? Ал облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың кездесулер мен аудан аралаудан және санаулы БАҚ-қа сұхбат беруден қолы тимей жүргені санаға сыймайтын жағдай.

          Президент айтуын айтып-ақ жатыр, алайда оның айтқанын жүзеге асыратын әкімдердің қатырып жатқаны шамалы. Халық үнін құлақтан асырып жіберетін әкімдікке айналып бара ма, қалай? Ал Серік Ахметовтің сөзі түгіл, өзін ұстай алмай қалдық. Алайда проблемалар шаш етектен. Оны кім шешеді?

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 11.06.2021, 11:11
Кім кінәлі?: Жауап берсін!
М.СӘУЛЕБЕК 10.06.2021, 17:45
Мегаполис бюджеті 2,7 есеге көбейген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 14:13
Бір дүкеннің маңынан үш күннің ішінде екі мәйіт табылды
Мариям МАҚСАТ 10.06.2021, 12:04
«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»
Сайт әкімшілігі 08.06.2021, 16:45
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Сайт әкімшілігі 07.06.2021, 15:06
Алматыдағы балалар оңалту орталығының экс-директорына қатысты сот үкімі шықты

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02