Тарихи туризм Шымкенттен басталады

М.СӘУЛЕБЕК

01.10.2021, 08:41

438

Туризм Шымкент үшін маңызды салаға айналып келеді. Осының бір белгісі – 27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күні мегаполисте арнайы іс-шаралармен аталып өтті. «Shymkent 2200: Туристік креативті қала бейнесі» форум-көрмесінде қала әкімі Мұрат Әйтенов шымкенттіктерді осы айтулы датамен құттықтады. 

«Әлемдегі көптеген қалалардың экономикасы туризм табысынан құралады. Осы мүмкіндік Шымкент қаласының даму бағдары болуы керек. Туристік креативті қала қалыптастыру жөніндегі бүгінгі форум-көрмеде қаламызда туризм индустриясын дамыту мүмкіндіктері қарастырылады. Қала аумағындағы ежелгі Сайрам тұрғын алабы – сопылық ілімнің негізін қалаушы Қ.Ясауидің туған жері, сондай-ақ мұнда оның ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ананың кесенелері орналасқан. Сондықтан оңтүстік өңірінің тарихи-сакралды туризміне саяхат Шымкент қаласынан бастау алады», – деді Мұрат Әйтенов.

Форумда креативті индустрияларды дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі Данат Жумин, «Salem Coffee» және «Global Coffee» кофеханалар желісінің негізін қалаушы Аят Азимов, Шымкент қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев және басқа да туристік қызмет көрсететін кәсіп өкілдері жетістіктерін айтып, идеяларымен бөлісті. 

Қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған  форум-көрмесі «Қазақ ауылынан» басталды.  Шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов:

– Шымкент – туристік әлеуеті жоғары, 2200 жылдық тарихы бар, еліміздегі өзінің тарихи өзегін сақтап қалған бірегей қала. Әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған туризм саласы кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады. «Шымкент 2200: туристік креативті қала бейнесі» іс-шарасы туристік индустрияны дамытудың бәсекеге қабілетті және табысты жобаларын анықтауға, сондай-ақ өзара табысты ынтымақтастық орнатуға таптырмас алаң болады деп сенемін, – деген пікірін білдірді.

«Қазақ ауылына» келуші Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы, Қызылорда, Атырау, Жамбыл, Ақтөбе облыстарының туристік сала өкілдері шаһардың қолөнершілері мен суретшілерінің туындыларымен танысып, жергілікті асүй тағамдарынан дәм татып, театрландырылған қойылымдарды тамашалады.

Бұдан бөлек, іс-шараға қатысушылар «Цитадель» көне қалашығы, Сайрам тұрғын алабындағы Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелері, Бәйдібек би ескерткіші, «Қазына» этно-кешені, Жайлаукөл саябағы,  А.Асқаров атындағы дендросаябаққа және арбат алаңындағы «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ақпараттық дүңгіршегі сынды біршама нысандарын аралады.

Айта кетері, Шымкент қаласына келуші қонақтар мен қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – туристік полиция қызметі. Туристік полицияның басты міндеті туристерге құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. Тәртіп сақшылары үш ауысыммен қызмет көрсетеді. Арбат, Орталық саябақ, Наурыз алаңы, Қошқар ата өзенінің жағалауы сияқты туристер көптеп кездесетін орындарда жүреді. 

Егер турист өз құжаттарын жоғалтса немесе қандай да бір оқиға орын алса, полиция қызметкерлері көмек көрсетеді. Сондай-ақ тұрғындар мен келген туристерге қызықтырған сұрақтар бойынша кеңестер мен ақпараттар береді. Шетелдіктер мен инвесторларды тарту үшін шетел азаматтарының елімізге келген кездегі қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету қызметін атқарады. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қолайлы инвестициялық климаттың орнауына оң әсерін тигізеді. Туристік полицияның қызметіне соңғы бір ай ішінде 1000-ға жуық азамат жүгінген. 

Туристік полиция қызметкерлері бейнетіркеуіштермен, планшеттермен, рациямен жабдықталған. Олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін және еліміздің тарихын жетік меңгерген. Қызметте полицейлердің адамдармен тез тіл табыса білетін және жедел әрекетке әрдайым дайын болуы сынды қабілеттерге ие болуы маңызды.

2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген көне және қасиетті орындарға бай қала болып саналады. Мәселен, Шымкент қаласында тарихи-мәдени орындар тізіміндегі ескі қалашық аумағындағы «Цитадель» қорғаны,  Ибрагим ата және Қарашаш ана кесенелері, Мәртөбе, Хызыр мұнарасы, «Қылует» этномузейі, Қошқар ата кесенесі, Дәуітұлы Шыңғысбай қажы сынды тарихи нысандар жетерлік.

       Соңғы жылдары аталған тарихи орындарға Қазақстанның өзге қалаларынан және шетелдерден келуші азаматтар қатары көбейген.

Тегтер: Шымкент экономика туризм табыс нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.10.2021, 08:25
«Мұнайдың үстінде отырып мұнайға жарымаймыз»
Еңлік АРЫҚБАЙ 15.10.2021, 08:23
Мектеп құлап жатыр: рас па?
Сайт әкімшілігі 14.10.2021, 12:01
«Атамекен-Түркістан» микро қаржы ұйымы алғашқы жобаны қаржыландырды

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29