Тас жолдарды тоздырған жүк көліктері жүгенсіз кетті

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

22.10.2021, 14:40

965

Қарағандылық көлік жүргізушілер жүк көліктерінің зардабын айтып,  дабыл көтеруде. Тарамдалып, тілгіленген жолақтардың күн санап көбеюі үрей тудырады. Алаңдатарлығы сол – «фуралардың» таптауына түсіп, зақымдалған аумақтар тізгіншілерді апатқа ұшыратып, ажал құштыруда.

– Салмағы онсыз да ауыр әрі бірнеше тонна жүк тиеген «фуралардың» асфальт бетіне салған ізі барлық маусымда қауіпті. Әсіресе қыста жеңіл көлік айдаушыларға қатер болып тұр. Ақ қар, көк мұзда машинамыз ойқыш жолақтан шықпай қалады. Осының салдарынан қаншама адам көз жұмғанын көзімізбен көрдік. Мұндай белгілер жаңадан салынған Қарағанды – Астана жолына да түсіп үлгерген, – дейді жүргізуші Еламан Ермекұлы.

– Аймақтың барлық өңіріне сапарға шығамын. Қапыға қалдыратын жолақтардың бір емес, бірнешеуіне кезіктім.  «Фуралар» мен  КамАЗ-дардың   ізі ескіні айтпағанда, жаңа жолдарда да жетерлік. Әсіресе КамАЗ-дар қалаға кіреберістегі бағдаршам орнатылған жолдарды айғыздап тастаған. Осындай аумаққа аялдағанда біраз автомобильдің бүйірі соғылып, жүргізушіге  тізгінге ие болуға ырық бермей кетеді, – деп күйзелді такси жүргізушісі   Аманай Амандықов.     

Парламенттің  пәрменімен шешіледі

Жаңа зардабы артқан, бірақ  тұйықталған проблема әр жолаушыны алаңдататыны анық. Күрмеуі қиын күрделі мәселені шешу қарапайым қарашаның құзырында емес, халық қалап сайлаған мәжіліс депутаттарының қолында көрінеді.

   Айбол Бидайбаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа» орталығы Қарағанды облыстық бөлімшесінің директоры:

      –Елімізде жүк тиейтін көліктердің тас жолды пайдалану талаптары туралы арнайы заң жоқ. Үлкен көліктерге  құзыретімізді батыл жүргізейік десек, мүмкіндігіміз шектеулі. Тексеріс барысында  біз жүргізушілерге асыра жүк тиемеуді сұраймыз. Одан қалса, аз мөлшердегі айыппұл салумен шектелеміз. Оларға қатаң талап жүктеп, сапарын тоқтату жөнінде бұйрық бере алмаймыз. Жоғарыда атап өткенімдей, бетіне басып көрсететін, табандатып орындататын заң жоқ. Ал одан  жеңіл көліктегі жүргізушілер мен жолаушыларға келіп-кетер пайда жоқ. Сондықтан болар, алып автомобильдер жол категориясы бойынша бекітілген талапты өрескел бұзып келеді. 

       Тас жолдарда жеңіл машиналармен жарыса жүйткіген 13-19 тонналық  «фуралар», КамАЗ-дар» 50-60 тонналық  жүкті  артып жүр. Бұған тек  шойын жол  шыдас береді. Одан әрі жолаушы өмірі мен жол сапасы жайында сөз қозғаудың өзі артық. Ал қазіргі жаңадан төселген жолдар 13 тоннадан артық жүкті көтермейді. Өркениетті елдерде мұндай өрескелдікке жол берілмейді. Өйткені жол қауіпсіздігі мұқым ұлттың өмірі деген саналы жауапкершілік бар. Шетелдерде салмақты машиналарға жеңіл машиналармен бір трассада  қабаттасып жүруге тосқауыл қойылған. Мұндай көліктер ол жақта тек карьерлерде жұмыс істеуге пайдаланылады. Ал бізде керісінше кеткен.  

Есті Еуропа алға кетті

Еуроодаққа енетін Австрия, Германия, Италия, Словения мен  Швейцария жүк көліктерінен арылып, теміржол тасымалына көшуге бейімделуге бел буған.  Осы бастама арқылы әлгі елдер тіркеменің барлық түріне сәйкес келетін «Nikrasa» платформасын іске асырып жатыр. Осылайша аралас көліктерді шойын жолға айырбастап, бір мезетте экономикалық және климаттық мәселелерді шешіп тастады. Инфрақұрылымды сақтап қалуға қадам басты. Өміршең жүйе аталған мемлекеттерде ауыр техникаларды нарықтан ығыстырып қана қоймай, еңбек шығынын төмендетіп, ауаға тарайтын көміртегі қалдықтарын 80 пайызға азайтады. Бізге мұндай  платформа қашан келетіні белгісіз.

Тегтер: жол құрылысы кептеліс мәселе әкімдік жергілікті әкімшілік қаражат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 19:13
Шымкенттегі жарылыс: Оқиға салдарынан бір нәресте шетінеді
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 18:29
Шымкент:Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жарылысқа байланысты шұғыл брифинг берді
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 20.05.2022, 11:50
Кәсіпкерлік ортаның бәсекесі қыза бастады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.05.2022, 11:25
Қарағанөзектік балалар өлімге бас тігіп жүріп білім алуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.05.2022, 08:27
Қарағандыдағы 7330 үй басқарудың жаңа жүйесіне енуге қауқарлы
Кемел ЖАН 18.05.2022, 13:35
«Жаңа Қазақстанның» мақсаты – парасыз мемлекет құру

Аңдатпа


  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56
  • Балалар жылында балалар неге шеттетіледі?
    19.05.2022, 08:40
  • Қалтырауық үкімет
    18.05.2022, 06:20
  • Қонаев кімнен кем, кімнен артық еді?
    18.05.2022, 06:17