Тренд болған тренинг

Еңлік АРЫҚБАЙ

09.11.2021, 16:52

325

Елімізде 200-ге жуық тренинг орталықтары бар. Бұл – тіркелгендері. Ал тіркелмегені қанша? Оған шет елден келіп, тренинг өткізетіндерді қосуға болады. Барлық жиындар ақылы. Соған қарамастан, тренинг – тренд. Тіпті әлеуметтік желі арқылы онлайн өтетіндері де бар. Тақырып ауаны да әртүрлі. Қазіргі карантин уақытында таптырмас дүние дерсіз. Десе де онсыз да табысынан айырылып, бірді-бірге жалғап отырғандар ше? Коронавирус емес, тренинг эпидемияға айналды. Неліктен? 

Бүгінде әлеуметтік парақшасында «подписчик», яғни тіркелушілер саны көп дегендері тренер, мотиватор, ұстаз болып кеткендей. Қалайық-қаламайық, қазіргі қоғам осыны қажет етіп отыр. «Бақытты әрі бай болудың» жолын шындап меңгергіңіз келсе, онлайн-тренингке қатысуға болады. Байығысы келмейтін адам жоқ. Онлайн-тренинг оңай және жылдам баюдың жолын үйретер болса, неге байымасқа? Әлде бірден мотиватор болып кетеміз бе? Одан қалса әлеуметтік парақшаңызды дамытқыңыз келеді ме? Оп-оңай, 6 күндік онлайн курстардан бастап, 1 айдан асатын марафонға қатысып-ақ керек білімді меңгеріп шығасыз. Дәмді тағамдар пісіріп үйренгіңіз келеді ме? Тәттінің дайын мәзірін сатып ала салсаңыз болады.

Оған қоса тренинг, марафон, коучинг сабақтардың құны бірдей емес. Бірі бағасын ашық айтса, енді бірінікін менеджеріне, жекесіне шығып қана білуге болады. Мәселен, қазір көптің аузынан түспей жүрген «Түпсанаға» қатысқыңыз келсе, бес сабақтың бағасы – 10 мың теңге айналасында. Ал «Мотиватор-коуч» сабағын алғыңыз келсе, 400 мың теңге төлесеңіз жетеді. Ал 3 айлық марафонға қатысу құны – 150 мың теңге. Қазіргі сұранысқа ие мобилограф және ютубты дамытуға бағытталған оқу құны – 200 мыңнан кем емес. Соның өзінде бұл баға дәл қазір сатып алсаң ғана. Баға осылай жалғаса береді.

Онлайн-сабақтардың да тақырыбы әртүрлі. Бірі сананы өзгертуге жол сілтейді, бірі оңай баюдың жолын үйретеді, кейбірі жетістікке жетудің кілтін көрсетеді. Одан қалса әдемі фото жасап, видеоны өңдейтіні де бар. Бизнес ашып, кәсіп бастаймын дегенін де ұмытпайық. Бастысы – мақсат пен қалтаңыз көтерсе болғаны.

Онлайн-тренинг өткізу сәнге айналып барады. Бұл ақша табудың жолы ма, әлде шын мәнінде оқырманға онлайн-тренингтер мотивация бере ме деген сауалға жауап іздеп көрген едік. Мысалы интернет әлемінде «Құралай ханым» деген атаумен таныс коучер: «Мұның бәрі сұранысқа байланысты. Мәселен, ағылшын тілінде онлайн сабақ өте көп. Өйткені ағылшын тілі сұранысқа ие. Балаларымыздың шет тілін білгенін, олардың шетелдерде оқығанын, ірі компанияларда жұмыс істегенін қалаймыз. Осыған дейін де қазақстандық ірі компаниялар шетелдік коучтарды алып келіп, қызметкерлерін арнайы оқытады. Әрі олардың елімізге тегін келмейтіні тағы белгілі. Бұл – тәуелсіздік алған кездері басталған үрдіс. Сол кездері «коучтардың келгені дұрыс емес» деген пікірлер айтылған жоқ. Қазір неге онлайн-тренингтердің көбейгені қоғамның назарына ілініп отыр? Себебі жаппай бұқара осы салаға мойын бұра бастады», – деген пікірін білдірді.

Медиа саласына қатысты 6 күндік марафон құны – 50-60 мыңның айналасында. 6 күннің ішінде сіздің миыңызға интернет-маркетинг, SMM, дизайн, копирайтинг, мобилография, жеке бренд тақырыбын құйып шығады. Ұзаса 2 сағат болатын, жиынтығы 12 сағаттың ішінде осы тақырыптың барлығын меңгеріп шығу мүмкін бе? Әй қайдан. Бұл жөнінде ұстаз Жансая Қабден:

– Өз басым мұндай дүниеге қызықпаймын. Сол үшін мән бермеуге тырысамын. Сондықтан керек емес деп ойлаймын. Өйткені бір адам ойлаған затты екінші адам да ойлай алады. Біреудің қолынан келген нәрсе екіншінің де қолынан келеді емес пе? Ол үшін ақша төлеп, білетініңді қайта тыңдау дұрыс емес деген пікірдемін. Егер адам шын ниетімен қалап, мен осыны үйренемін десе, оның басқа да тәсілдері бар. Дамыған заманда өмір сүрудеміз. Қажетіңді интернетке, ютуб желісіне жазсаң, алдыңнан шыға келеді, – деген пікірде.

Мамандар «тренинг өткізу – алаяқтықпен тең» дегенді алға тартады. Ал кейбіреулер мұндай тренингтердің де пайдасы бар дейді. «Тренингтің екі түрі болады: бизнес тренинг және әлеуметтік-психологиялық тренинг. Бизнес тренингтердің дамуы глобализациялық проблемаларға байланысты. Заман адамдардан белгілі білімді талап етеді. Сондықтан бизнес тренингтер қажеттілікке ие болып жатыр. Бизнес тренинг – сыртқы қажеттіліктер. Ал әлеуметтік-психологиялық тренинг – ішкі қажеттілік. Сондықтан бұл мәселеге басқаша қарауымыз керек. Ең қауіптісі де осы жерде. Әлеуметтік-психологиялық тренингтердің аудиториясын қарайтын болсақ, көбінесе әйелдер, жастар. Психологиялық тренингтердің көбеюінің тағы бір факторы – саясат. Психологияның саясаты бойынша адамдарды бір-бірден жинағаннан олар аз келеді. Сондықтан топтық психология пайда болды. Мысалы, адамдарды бір топқа жинап, бір мәселені талқылау», – дейді психолог Ләззат Азаматова.

Шынымен де, адамның ішкі жан дүниесі мазасыз болады. Адамға қойылатын талап та артқан сайын, адамның күйзеліске ұшырауы жиілейді. Жан дүниесіне тұрақтылық табу үшін осындай тренингтер іздей бастайды. Психологқа бара алмайды, себебі ақысы жоғары және қоғамның көзқарасы да оңды емес. Сол себепті адамдар өздеріне қолайлы орын іздеп, өзімен пікірі бір аудиторияда тоғысады.

«Жақсы ойлары көп. Санаңыз жаңа дүниеге, өзгеріске, тұлғалық дамуға ашық болса, пайдалы болары анық. Мұның бәрі ниетке байланысты. Сынап, мінеу үшін тыңдасаңыз, негатив табасыз. Үйрену, білу, сезіну үшін тыңдасаңыз позитив, өзіңізге қажет нәрсе аласыз. Не үшін тыңдағыңыз келеді, пікір соған байланысты өрбиді. Жеке бастың өсуіне қатысты тренингтерге қызығамын. Ішкі түйсік, визуализация сынды дүниелер», – дейді тренинг тыңдаушыларының бірі Аяулым Әсембекқызы.

Ақылы жолмен білім үйретуге болады. Экономикалық сауат ашуға болады. Қаржылық сауатыңызды арттыра аласыз. Тіл білуге де мүмкіндік бар. Тіпті тігінші немесе шаштараз болғыңыз келсе де, курсқа барыңыз. Ал әлеуметтік ахуалыңызды тренинг арқылы түзеу мүмкін бе? Қазақта «аңқау елге – арамза молда» деген жақсы сөз бар. Ел аңқау болса, ондайлар көбейе беретіні жасырын емес. Бұл да елдің бүгінгі даму деңгейін көрсетеді. Тренингке ешкім қатыспаса, мұндай онлайн сабақтар да көбеймес еді. Сұраныс болғаннан кейін барлығының саны артып келеді. Байқасаңыздар, тренинг өткізіп жүргендердің кейбірі нақты бір мамандықты терең меңгерген адамдар емес. Дәрігер не болмаса мұғалім болғысы келмеген немесе әр жұмыстың басын бір шалып, орнын таба алмай, құр қарап отырғанша, аннан-мұннан оқып алғанын неге пайдаланбасқа деп жүргендер секілді.

P.S.

         Кей адам онлайн-сабаққа қажеттілік үшін барады. Үйренсем, білсем деген талаппен баратындар тағы бар. Бірақ біреудің өмірін немесе тағдырын өзгерте алмайтынымыз анық. Мүмкін, дұрыс жол сілтеп, тура жолға салатын шығар. Бірақ барлығына бірдей баюға мүмкіндік туа қояр ма екен?..

Тегтер: тренд. бренд тик-ток инстаграм

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:45
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30