11.11.2021, 12:55
462
Түркістан облысында «тендер ұтып алып беремін» деп тұрғындарды алдаған күдікті әйел ұсталды.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Төлеби аудандық полиция бөліміне арызданып келген жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғандығын жеткізді. Жәбірленушінің айтуынша, 2021 жылдың наурыз айында алыс танысы «тендер әперемін» деп, 5 000 000 теңгесін алған. Алайда жылға жуық уақыт түрлі сылтаулар айтып, не ақшасын қайтармаған, не берген уәдесін орындамаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша тіркеді.
Тәжірибелі тәртіп сақшылары тұрғынды алдап, ақшасын алып кеткен күдікті әйелді анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде ол полиция бөліміне жеткізілді.
Белгілі болғандай, күдікті алаяқтықпен алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Тәртіп сақшылары әйелдің бұдан басқа да тағы бір азаматтан 1 миллион теңге алып кеткенін анықтап отыр. Қазіргі таңда орта жастағы әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтерді алға тартып, алаяқтық жолмен азаматтарды алдаушылар көбеюде. Сондықтан Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері мұндай алаяқтардан мүмкіндігінше сақ болуды ескертеді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР