Түркістанда жаңа аудан құрудың машақаты басталды

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

05.03.2021, 09:15

2502

Түркістан облысында «Сауран» деп аталатын жаңа аудан құрылады. Оған Кентау қаласына қарасты 12 ауылдық округтегі елді мекендер кіреді. Мұндай  жаңалықты өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев халыққа жаңа жылдың алдында жария еткен болатын.

Соңғы екі жарым жылдың көлемінде оңтүстіктің әкімшілік аумақтық бөлінісінде өте көп өзгерістер жасалды. Алдымен 90-жылдары іріленіп кеткен Сарыағаш пен Мақтаарал аудандары таратылып, олардың құрамынан Жетісай мен Келес аудандары қайтадан ірге көтерді. 2018 жылдың маусымында Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртбесін алды. Өз алдына Түркістан облысы құрылды. Түркістан жаңа облыстың орталығы болып бекітілді. Сол кезде Түркістан қаласына қараған 12 ауылдық округ Кентау қаласының аумағына енген болатын-ды. Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, мұндай өзгеріс Кентаудың қала ретінде дамуына кері әсер еткен.

«Кентау өз тарихында полиметалл рудасын өндіретін өнеркәсіптік қала ретінде дамыған. Оның аудан орталығына айналуы іс жүзінде дамуының баяулауына және ауылға жеткіліксіз көңіл бөлінуге әкелуі мүмкін. Қазіргі қалыптасқан ахуалды назарға ала отырып, мен мемлекет басшысына жаңа аудан құру жөнінде ұсыныс жасадым. Ұсынысым  қолдау тапты. Осы ұсыныстың негізінде жаңадан құрылатын ауданға  «Сауран» атауын беріп, орталығы етіп Шорнақ елді мекенін бекітуді орынды деп санаймын», – деген болатын-ды Өмірзақ Шөкеев сол жолы Кентау қаласына жасаған сапары барысында. Жаңа Сауран ауданының орталығы болатын Шорнақ ауылы –  Түркістанның іргесінде жатқан ірі елді мекен. 13 мыңға жуық халқы бар, оның 60 пайызға жуығы қазақ, қалғанын, негізінен, өзбек ұлтының өкілдері құрайды.

 Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Шорнақ онсыз да  1939-53 жылдар аралығында осы аймақта құрылған Фрунзе ауданының орталығы болған. Бұл ауданға жоғарыдағы 12 ауылдық округтегі елді мекендердің басым көпшілігі қараған. Бертінде ауылдық округтер Түркістан ауданы болып қайта құрылады. Аудан орталығы Түркістан қаласы болған. Ал Түркістан қаласы тікелей облысқа бағынатын өз алдына бөлек, әкімшілік аумақ ретінде өмір сүрген. 1997 жылы Түркістан ауданы мен қаласы біріктіріліп, Түркістан қаласы деп аталды. Енді, міне, бұрынғы Түркістан ауданының аумағында қайтадан жаңа аудан құрылып жатыр. Жасыратыны жоқ, жаңа ауданның құрылуы өте көп жұмыстарды қажет етеді. Аудандық әкімдіктен бастап, оның бөлімдерін, денсаулық сақтау, білім беру, басқа да халыққа қызмет көрсететін мекемелерін толық құрып біту бір-екі айдың көлемінде біте қоятын шаруа емес, әрине. Жаңа ауданды құру жергілікті халыққа да бірқатар қиындықтар, қосымша шығындар әкеледі.

«Жас Алаштың» облыстағы қосынына хабарласқан тұрғындардың айтуынша, Сауран ауданы құрылған соң, жер мен жылжымайтын мүліктердің құжаттарын қайтадан ауыстыруға тура келеді.

– 2018 жылдың жазында Түркістан қаласына қарасты елді мекендер Кентау қаласының құрамына өткен соң, жердің, үйдің мемлекеттік актілерін ауыстыруға мәжбүр болдық. Себебі мен өзім жыл сайын көктемде ауылшаруашылық жұмыстарын жүргізу үшін банктен несие аламын. Мұндай жағдайда банк құжаттардың дұрыс болуын талап етеді. Құжат ауыстыру үшін қызмет ақысын төлеу қажет. Енді, міне, жаңадан Сауран ауданы құрылған соң, жердің, үйдің актісін қайта ауыстыруға тура келеді. Яғни тағы да қосымша шығын шығару керек. Сондықтан мемлекет тарапынан құжаттарды ауыстыруға жеңілдіктер қарастырылса, жоғарыдағы басшылар осы жағына назар аударса  дұрыс болар еді, – деді бізбен хабарласқан Ескі Иқан ауылдық округінің тұрғыны Әлішер Әлиев.

Біз осы жөнінде Сауран ауданының құрамына өтетін бірқатар ауылдық округтердің әкімдерімен сөйлескен болатынбыз. Олар жаңа ауданның әлі құрылмағанын, сондықтан құжат ауыстыруда жеңілдіктер болатыны немесе болмайтыны туралы ештеңе айта алмайтындықтарын мәлім етті. Бірақ олардың сөзіне қарағанда, 2018 жылы елді мекендер Түркістаннан Кентау қаласына өткен кезде құжат ауыстыруда ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Мұны Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ғани Рысбеков те айтып отыр.

– Бұл проблеманы депутаттар да көтеріп жатыр.  Біз халыққа жеңіл болғанын қалаймыз. Дегенмен әзірге нақты айта алмаймыз. Себебі Сауран ауданы әлі құрылған жоқ. Осы жөнінде президенттің жарлығы шыққан соң, мәселені қарастыратын боламыз, – деді Ғани Рысбеков.

Яғни тұрғындардың мәселесі, талап-тілегі әзірге басы ашық күйінде қалып отыр. Сауран ауданы ресми түрде Наурыз мерекесі қарсаңында құрылмақ. Алдын ала болжам бойынша жаңа ауданда 103 мың халық тұратын болады. Яғни Сауран халқының саны жағынан оңтүстіктегі ірі аудандардың бірі болайын деп тұр.

Тегтер: аймақ аудан құрылым машақат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2021, 09:15
Қара алтынның үстінде отырған Қарағандыда көмір қымбат
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 09:00
49 миллион теңгенің алтынын әкеткен күдікті ұсталды
Сайт әкімшілігі 25.11.2021, 11:42
Елордалық дәрігерлер Түркістанға келді

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30