«Үйің алыс» Алматы облысы өз тұрғындарын алалап отыр

Бифат ЕЛТАЕВА

09.07.2021, 11:49

1290

   Алматы облысы Райымбек ауданы Қақпақ ауылының тұрғыны Гүлмира Арыстанованың үйіне ауызсу кіргізе алмай жүргеніне жылдан асқан. Оның себебін  аудандық су жүйесінің басшысы «үй жобада жоқ, сол себепті ауызсу кіргізе алмаймыз» деп түсіндірген көрінеді. Ал әкімдіктегілер есеп беру жиналысында «бәрін уақытында қатырамыз» деп уәде берген. Алайда бұл мәселе қанша уақыт өтсе де, шешімін таппай,  бір отбасы ауызсуға зар болып отыр.

    Ауыл әкімдерінен жөнді жауап ала алмаған ауыл тұрғыны «осыны қолдарыңызға алсаңыздар» деп редакцияға хат жазыпты. «Жас Алаш» алдымен шағымданушы Гүлмира Арыстановаға хабарласып мән-жайды білді.  

— Ауылымызға ауызсу кіргелі жатыр, бірақ біздің үй жобада жоқ дейді. Сонда біз ауызсуды қайдан аламыз?  Ауыл әкіміне де, аудандық су жүйесінің бастығы Қайрат мырзаға да осы мәселемен барғанда, «әкімдеріңіздің қолынан келмесе, мен қалай жасап бере аламын» деп ақталады. Бәрінің айтатыны «жобада жоқсыңдар» дейді. Қаңтар айында ауыл әкімінің есеп беру жиналысында да бұл мәселеге уақытында қатырамыз деп уәде берген. Міне, неше ай өтті, шыдамның да шегі бар шығар. Үйдің заңды құжаты бар.  Салықты да төлеп отырмыз. Қалай жобада жоқпыз? Түсінбейміз. Қалтамыздан шығарып қаздырайық десек, оған қаржымыз жетпейді. Қаздыру үшін метрін 1000 теңгеден есептегенде, 270 метрге 270 мың теңге шығады екен. 35 мың теңге айлығым оған жетпейді. Былтырдан бері әкімдіктерді жағалап, осы мәселені шеше алмай жүрмін. Ешқайсысы қозғалғысы келмейді. Үкіметтен бөлінетін ақша қайда? Оған әкім басын да ауыртқысы келмейді, – дейді ол.

   Бұл мәселенің анық-қанығын білмекке Қақпақ ауылының әкімдігіне хабарластық.  Ауыл әкімі еңбек демалысына шығып кеткендіктен, орнына әкім орынбасары Шәмшия Қосанова жауап берді. Оның айтуынша, үйге су тарту жобада бар. Бірақ алыстау болғандықтан, сызып тастай салған сияқты.

— Жан-жағындағы үйлерден оның үйіне тартқанша 270 метр алыс жатқандықтан, «метрі 1000 теңгеден қазғанда көп қаржы кетеді» деп Гүлмира Арыстанова мәселесін айтқан болатын. Бірақ елдің бәрі қаздырып, үйлеріне су кіргізіп жатыр. Ал бұл кісілер «қаржы көп кетеді» деп, үйлеріне әлі кіргізбеді. Былтыр «Азамат құрылыс» компаниясы қазып жатқанда,  олар уақытында қозғалып, мәселесін шешіп алуы керек еді. Ауылымыздағы басқа үйлерге келетін болсақ, ол үйден басқа тұрғындардың барлығы үйлеріне өздері су құбырын жүргізді. Бұл кісілердің жағдайы өте нашар деп айта алмаймыз. Екеуі де жұмыс істейді. Егер жетім-жесір, көпбалалы отбасы не мүгедек жандар болса көмектесер едік. Сондай-ақ бұл іспен ТКШ өздері айналыссын. Өйткені ТКШ өздерінің қолдарындағы ауылдың жобасы бойынша жасап, үй жобаға кіргенімен, «ол үй алыс» деп отыр. Менің әкімнен бар білген жауабым осы ғана, – дейді уақытша әкімнің міндетін атқарушы Шәмшия Қосанова.

   Ал Нарынқол аудандық ТКШ және тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы Қайрат Омархалық ол мәселе тікелей ауыл әкімі арқылы шешілетінін айтады.

— Су жүргізу үшін жүргізілген жоба бойынша ол үй жобаға кірмей қалған. Бірақ біраз адамға су тартуға қолдан келгенше көмек бердік.  Ал ол жер алыс болғандықтан, оған водопроводтың да ыңғайы келмеді. Жақын жер болса, көмектесіп жасап берейік дегенбіз. Өзі  қалтасынан ақша төлеп, жанындағы құдықтан су тартпаса, мен ештеңе жасай алмаймын. Оны қайтадан жасау үшін қаражат бөлу қажет. Ауыл әкімшілігі қазір ауылдың тұрмысы нашар, мүгедектігі бар отбасыларға арналған қор ашып жатыр. Мүмкін, сол арқылы көмектесіп қалар, – дейді Қайрат Омархалық.

    Қызық нәрсе. Ауылдың бас жоспарында үй тұр. Ауылға су тартатын кезде алдымен жобалық-сметалық құжаты жасалмайтын ба еді? Сол кезде қай үй қандай жерде орналасқан, оған қанша метр жер қазылу керек, қанша құбыр қойылу керек деп есептелмеуші ме еді? Ауылдағы ағайынның ауласы, қосымша бақшасы бар, жер телімі әжептәуір үлкен болып келетінін ескермеуші ме еді?! Сонда, салық төлеп отырған азаматтардың бәрінің құқығы тең дейтін «демократиялық Қазақстанда» «үйі алыс» деп, су тартпай кете беруге бола ма? «Үйлеріңді су алып кететін ой жерге салмай, қыр жерге салмайсыңдар ма?!» дейтін әзілкештің сөзі еске түседі. Енді шенеуніктер проблеманы бір-біріне сілтеп қойып отыр.

270 метр жерді қазып, бір үйге су тарту үшін қайырымдылық қорларына алақан жайып отырған аудан әкімі Нұржан Құдайбергеновтің ақшасы жетпесе, бәлкім, облыс әкімі Амандық Баталовтың шамасы келер. Күтейік.

Тегтер: ауыз су мәселе әкім жергілікті әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 16:02
Жазықты сытылып кетсе, жазықсыз соттала ма
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14:34
Әшірбек Сығай атындағы тұңғыш республикалық театр фестивалі мәреге жетті
Б.ЕРНАЗАР 07:21
Жемшөп Шымкентте дайындалады
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31