Ұлытаудың өртін сөндіре алмай...

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

08.07.2021, 14:38

1011

       Тірі адамдарға ескерткіш сомдауға қаржы аямайтын билік халықтың басына бұлт үйірілгенде тілсіз жауды ауыздықтауда дәрменсіздік танытты.

       Шілденің шіліңгір ыстығында Қарағанды облысында дархан даланы қызыл өрт жалмап,  шабындығы мен малынан айырылған ауыл халқы зар илеп қалды. Соңғы бірер күнде облыс бойынша қаладағы өртті айтпағанда, 17 дала өрті шығып, жұртты әжептәуір әбігерге салды.

                                    «Өртті өзіміз сөндірдік...»

       Әр аймақта орын алған өрттің ішінде, әсіресе, Ұлытау өңіріндегі тілсіз жау дес бермей кетті. Ұлытау ауданындағы өрт шыққан ауылдардың тұрғындары тілсіз жау тұтанған бойда төтенше жағдайлар қызметінен ұзақ уақыт хабар болмай, жанұшырып отты өздері сөндіріп, жанталасқанын айтады. Осы аудандағы Қоскөл ауылының тұрғындары өрт шыққан кезде құтқарушылар келмегенін, тіпті аудан мен ауыл әкімдігі өрт сөндіруге көмек бермек  түгіл, техникаға жанармай  тауып бере алмағанын айтып зар иледі. Ауыл тұрғындары биліктің әлеуметтік желіге салып жатқан ақпараттары жалған екенін алға тартуда.­        – Қоскөл ауылынан шыққан өрт әрі қарай Байқоңыр ауылына жалғасып кетті. Ауылдың маңына келген өртті осы жақтағы ер-азаматтар жабылып жүріп, өз техникасымен сөндірді. Өз көлігімен шыққан бала өртті сөндірем деп жүріп қаза болды. Төтенше жағдайлар қызметінен бірде-бір техника келген жоқ. Интернеттегі ақпараттың бәрі жалған. Ұлытау ауданы өздеріне жақсы болу үшін жалған ақпарат беріп отыр. Біздің ауылда әкім де жоқ. Ұлытаудан біреу осында келіп, қатынап жұмыс істейді. Ол екі күн ауылда болса, он күн үйіне кетіп қалады. Ауыл азаматтары өрт шыққан жерге баратын көлікке бензин таппай жүрді. Әкім жоқ. Байқоңыр ауылында да осындай жағдай, оларға да сырттан көмек келмей, өртті өздері сөндірді. «Байқоңыр ауылына төтенше жағдайлар қызметінен өрт сөнген соң келіп, бықсыған отты сөндіріп жүрді» деп ауыл тұрғындары айтып жүрді, – дейді «Жас Алаш» газетіне сұхбат берген Қоскөл ауылының тұрғыны Нұргүл Әбдікәрімова.         Ауылдағы жұрттың айтуынша, Ұлытау ауданында өрттің шыққанына бес күннен асқан. Ашынған халық «билік кісі өлімі орын алған соң ғана қимылдай бастады» деп отыр. Әлеуметтік желіге бейнежазба жүктеген тұрғындар ауыл ішіне өрттің тақап қалғанын айтып зар қаққан еді.  Ал төтенше жағдайлар департаменті Ұлытау өңірінде өрттің барлығында қызметкерлерінің қатысып жүргенін айтады. Сондай-ақ  Пионер және Байқоңыр ауылына өрт бес-он шақырым қалғанда тоқтатылғанын мәлімдеді.    

        Департаменттің 6 шілдеде сағат 16:00-де таратқан ақпаратына сәйкес, Ұлытау ауданында бір дала өрті сөндірілсе,  төрт өрт ошағы әлі сөнбегендіктен бақылауға алынған.  Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек  6 шілдеде өрт өршіген аумаққа  тікұшақпен ұшып барып, жағдайды өз көзімен көрген.«Таңертеңгі сағат 10:00-де Ұлытаудың Шеңбер ауылдық округінде болдым. Мұнда дала өртінің тағы бір ошағы тіркелді. Өрт Қостанай облысы жағынан келген. Оқиға орнында өрт сөндірушілер және орман шаруашылығының қызметкерлері жұмыс істеуде. Осыдан соң Амангелді  ауылына барып, жағдаймен  таныстым. Қауіпті учаскелерді жою үшін қажетті күштер мен құралдар жеткілікті», – деді Жеңіс Қасымбек.        Биліктің есебі бойынша өрт кезінде өрімдей жастың қайтыс болуымен қоса, 200-ден астам ұсақ мал қырылып қалған. Алайда жұрт «300-ден астам мал шығын болды» дейді. Дегенмен облыстық әкімдік өрт толығымен сөнген соң, төтенше жағдай режимі жарияланған Ұлытау ауданында шығын  есептелетінін  мәлімдеді.

        Ұлытау өңірінде жайылып кеткен тілсіз жауды бірден тоқтатуға биліктің бастапқыда мүмкіндігі болмаған. Бұған өрт шыққан өңірлердің қаладан шалғай болуымен қоса, күннің ыстығы мен желдің қатты болуы өзіндік әсерін тигізген. Мамандардың айтуынша, дала өрті найзағай түскен соң тұтанып, өршіп кеткен. Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпарат бойынша облыс аумағындағы 22 дала өрті бақылауға алынған.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 16:02
Жазықты сытылып кетсе, жазықсыз соттала ма
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14:34
Әшірбек Сығай атындағы тұңғыш республикалық театр фестивалі мәреге жетті
Б.ЕРНАЗАР 07:21
Жемшөп Шымкентте дайындалады
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31