22.12.2020, 13:59
324
Жамбыл облысының Қордай ауданында вакцина өндіретін зауыттың құрылысы жеті миллиард теңгені құрайды.
Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысының аумағында вакцина шығаратын зауыт салынуда. Зауыттың құны шамамен жеті миллиард теңгені құрайды. Қуатына келетін болсақ, ол 30 миллионнан 60 миллион дозаға дейінгі вакцина шығарады, — деп мәлімдеді.
Гвардейский ауылында биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының негізінде отандық иммундық дәрілерді шығаратын зауыт салынуда. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Зауыт 2021 жылдың бірінші тоқсанында жұмысын бастайды деп күтілуде. Мұнда әлемдік стандарттарға сәйкес иммунобиологиялық препараттар, соның ішінде COVID-19, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, терінің ісінуіне және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакциналар шығарылатын болады. Жыл сайын 60 миллион дозаға дейін биологиялық өнім шығару жоспарлануда.
Бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресеймен Қазақстанда COVID-19-қа қарсы вакциналар шығаратын зауыт салу туралы келісім жасағн болатын. Үкімет осы жобаға инвестиция тарту бойынша келіссөздерді бастап та кетті.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР