Жазықты сытылып кетсе, жазықсыз соттала ма

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

19.10.2021, 16:02

914

Жаңаарқа ауданында қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевтың ісіне қатысты атышулы сот процесі қайта жалғасатын болды. Облыстық сот Ғалы Бақтыбаевтың тапсырыспен өлтірілгені туралы іске қатысты алқабилер сотының  шығарған үкімін бұзды.

        Осы жылғы  1 маусымда Ғалы Бақтыбаевты «тапсырыспен өлтіруді ұйымдастырды және өлтірді» деп айыпталған күдіктілерді алқабилер соты ақтап шыққан болатын. Дегенмен алқабилер соты күдіктілердің ішінде Мияшовты  жәбірленушілер Сейсембаев пен Дикопқа қатысты бұзақылық жасағаны және Бақтыбаевтың денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін бес жылға соттаған. Яғни тергеу мәліметі бойынша ол қоғам белсендісін өлімінен бірнеше ай бұрын соққыға жығып кеткен-ді. Ғалы Бақтыбаевты соққыға жықты деп танылған екінші күдікті Жакен үш жылға бас бостандығынан айырылған. Алқабилер соты шығарған үкіммен Ғалы Бақтыбаевтың жұбайы мен прокурор келіспей, апелляциялық сот сатысына жүгінген болатын.

       Ал кісі өліміне қатысты ұсталып, бастары дауға қалған күдіктілердің туған-туыстары «полиция нағыз қылмыскерді таппай, жазықсыз адамдарды күйдіріп отыр» деп, жазда сот процесі өтіп жатқан кезде бірнеше рет жиналып, наразылықтарын білдірген еді. Олардың айтуынша, марқұмның өзі арыз жазып, соңына түскен адамдары Жаңаарқа ауданында көп болған.

       «Мен күдікті ретінде құрыққа іліккен Ғалым Ахметжановтың әкесінің айтуынша, марқұм сайлау кезінде Қошановтың штабында жұмыс жасапты. Сосын, мұны өлтіргеннен кейін саясатқа қатысы болды ма деп, жоғарыдан тапсырма түскен соң, асығыс күдіктілерді ұстай салды. Әйтпесе бұл кісінің саясатқа түк қатысы жоқ, елдің бәріне арыз жазып жүретін кісі екен. Тергеу кезінде үйінен 50-60 арыз табылған. Ол елге жазған арыздарын сақтай берген ғой. Соның ішінде менің балама да жазған арызы болған екен. Ғалы Бақтыбаев бес жыл бұрын ұлыма арыз түсірген, ол негізсіз болып, іс жабылған еді.

        Енді осы шағымды негізге алып, баламды жазықсыз соттайын деп отыр. Ақтау үкімін облыстық сот алып тастағанда, алқабилер сотының бірі Жаңаарқа ауданынан болған, сол «қателік» деп себеп келтіреді. Ол Жаңаарқа ауданында туып, үш жасында әке-шешесімен бірге көшіп кеткен, бірақ сот басталғанда бұл туралы сотқа айтылған, бейнежазбада ол бар. Сол кезде неге мұны ескермеген, енді келіп бәрі заңсыз деп отыр. Алқабилерге сенбесе, онда олар не үшін керек? Мысалға Қарағандының қылмыскерін соттаса, алқабилер соты Қарағандыдан болмау керек пе екен?! Ұлым нағыз қылмыскер сытылып кеткен соң, жазықсыз кетіп отыр», – дейді күйінішін жеткізген күдіктінің әкесі Жұман Ахметжанов.

      Енді кісі өліміне қатысты атышулы іс қайта қаралатын болды. Облыстық сот сотта алқабилер алқасын құру кезінде заң талаптары бұзылғанын мәлімдеп отыр. «Заң талаптарына сәйкес, егер іс алқабилердің қатысуымен қаралса, апелляциялық сатыдағы сот ол іс бойынша тек алқабилерді құру және сот процесін жүргізу рәсімінің сақталуын ғана тексереді. Қылмыстық істі тексеріп, сот алқасы бірінші сатыдағы сотта алқабилер алқасын құру кезінде заң талаптарының бұзылғанын, процеске қатысушының алқабилерге кандидаттарға қарсылық білдіру туралы өтінішхаты дұрыс шешілмегені анықталды. Сол себепті қылмыстық іс жаңа сот талқылауын жүргізу үшін бірінші сатыдағы сотқа жіберілді», – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

        Күдіктілердің туыстары «іс әділ шешілмесе, шағымданудан шаршамаймыз» деп отыр.

Тегтер: қылмыс қатыгездік тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Миуа БАЙНАЗАРОВА 11:40
Ғанибек Қазантаев, Қызылорда қаласының әкімі: Басты мақсат – халыққа жағдай жасау
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 10:35
Теміртау тағы тоңып отыр
Сайт әкімшілігі 09:36
Шортандыдағы жарылыс, Абай кенішіндегі апат. Министр кінәлілерді атады
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 18:00
"Алматыда жойқын жер сілкінісі болса, ғимараттардың 60 пайызы қирайды"
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 16:22
БЖЗҚ-дағы артық қаражатты "Отбасы банкіне" тек 2022 жылдан бастап аударуға болады
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:55
Қарағанды облысында 11 айда 3,7 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14