Желге ұшқан 736 млн теңге

Еңлік АБАҒАН

20.08.2021, 09:04

1083

Бүгінде арық мәселесі талдықорғандықтардың басты тақырыбына айналды. Кінәні кімнен іздеріңді де білмейсің. Арық салған құрылысшылардан ба, әлде оны қоқыс орнына айналдырғандардан ба? Ең бастысы, арық желісін жөндеуге және қайта салуға жыл сайын қомақты қаражат бөліп, ал қабылдау кезінде айқын кемшіліктерді байқамайтын қала әкімдігін түсінбейсің. Жылдан-жылға арық мәселесі жауабы жоқ сұраққа айналды.

Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрым Әлиұлының айтуынша, бүгінде арық жүйесінің 60 пайыздан астамы көңіл көншітерлік емес. Басым көпшілігі кеңес дәуірінде салынған жер арықтары. Барлығы қайта жөндеуді талап етеді. Осыған байланысты мекеме ұзындығы 128 шақырымды құрайтын арық желісін салу және жөндеуге қатысты жобаны ойластыруда. 2020 жылдан бастап «ПСК Градцентр» ЖШС ұзындығы 38,9 шақырым болатын арық желісін салу және реконструкциялау бойынша жобаны іске асыруда. Жобада Талдықорған қаласының 53 көшесіндегі төрт учаскедегі суару желісін қайта жаңарту қарастырылған. Өткен жылы 608 миллион теңге игеріліп, осы жылға қалдық 117 миллион теңгені құрады. Жұмыстарды биылғы күзде аяқтау жоспарланған.

Қаладағы арық жүйесін ретке келтіруге қомақты сома бөлінгені қуантарлық. Соның нәтижесінде мәселе бір ретке келер ме еді?! Бірақ жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын Желтоқсан көшесіне қарап олай деу қателік болар. Былтыр Желтоқсан көшесінің жаңа арық жүйесінен су жүреді деген үміт болып еді. Биыл болса «ПСК Градцентр» ЖШС жүргізіп жатқан жұмыстарға қарап көңіліміз су сепкендей басылды. Сырт көзбен қараған жанның өзіне жаңа су желісінен ешқашан су жүрмейтіні көрініп тұр. Бас канал деңгейінен жоғары жаңа үлкен науаларды қалай салуға болады?! Бірақ, ең қызығы, бұл арнаның шығатын жері жоқ. Ол темірбетонды тығырыққа тіреледі. Ал жолдың ортасында орнатуды ұмытып кеткен науа жатыр. Арық желісінің бойында таспен, қиыршық таспен жабылған учаскелер де бар.

Желтоқсан көшесі бойынша науаларды төсеу жұмыстары аяқталғанымен, әлі қабылданған жоқ. Бұл тапсырыс берушіге құрылыс компаниясына шағым жасап, барлық жұмысты қайта жасатуға мүмкіндік береді. Бірақ тапсырыс беруші мұндай құқықты беймәлім себептермен қолданбауда. Қызығы, бірнеше жыл бұрын бұл көшеге науа төселінген еді. Десе де, «жақсы» арық жүйесі іске аспаған. Бұл арықтан да су жүрмейді, себебі ол да керек мөлшерден биік салынған-ды. Осыдан кейін барып бір қателікті қалайша екі рет жіберді деген ойға қаласың. Жобалаушылар мен бақылаушы мекемелер анық кемшілікті байқап, бөлінген қаржы желге ұшып, халыққа көптен күткен су келмейтінін байқамады ма?

Ескелді би көшесінде жерасты болсын, әйтеуір, арық салынған. Соның өзінде Макаренко атындағы орта мектептің стадионының артында арықтың көлеңкесін де таппайсың. Ағып жатқан суға оқу орнын басу ғана қалады. Ғали Орманов көшесінде де заманауи арық салынған. Бірақ орталық стадионның жанындағы ІІД спорт кешенінің артында арық аяқталады. Болу керек арықтың орнында үй тұр. Енді ағып келе жатқан су қайда барып құйылып, қосылуы керек деген сұрақ туары заңды. Тығырыққа апаратын арықтан бөлек, қаладан жіңішкесін де кезіктіресіз. Ары бармай-ақ, сол Желтоқсан көшесінің Н.Назарбаев көшесімен қиылысын мысал ретінде алайық. Мұнда үлкен су ағыны көпір өткеліндегі үлкен құбырдан өте алады. Бірақ қиылыста орналасқан үйдің жанында және одан әрі қарай тар арық төселген. Егер су мөлшерден тыс беріліп кетсе, ең алдымен жақын үйлерді су басады. Ал тұрғындар болса тар арықтың кесірінен өз бау-бақшасын суара алмай отыр. Бір үй иесінің ойланбай шығарған шешімінің нәтижесінде бір көше зардап шегуде. Егер бұрын адамдар үйінің жанындағы арықтарды тазалап, тереңдетіп, оларға кедергісіз су келіп тұруын қамтамасыз етіп, қолдан келгеннің бәрін жасаса, қазіргі уақытта көпшілігі арықтарды өз қолдарымен жауып тастаған. Өйткені бұл оларға қажет емес. Уақытын текке кетіргендей болады. Бірақ ешкім көршісін ойламайтыны көңілге қаяу түсіреді. Оған біреуі арық орнында гараж салса, енді біреуі оны бетондағаны дәлел бола алады.

Тазалық жұмыстары дегеннен шығады, қазіргі таңда арықтар қоқыс төгетін орынға айналған. Бұлай болуына тұрғындар өздері жауапты. Арыққа жұлынған арамшөпті, шыны бөтелкені, целлофан, темекі тұқылы сынды заттың барлығын тастай береді. Осыдан барып барлық көпір өткелдері қоқыспен бітеліп қалады.

Көріп отырғанымыздай, қаланың арық желісін шексіз қайта құру, қайта жөндеу ешқандай нәтиже бермейді. Бұл тәсіл тиімсіз бе, әлде ешкім осы маңызды мәселеге терең үңіліп, оны дәйекті және сапалы түрде шешкісі келмей ме? Белгісіз. Соның өзінде қателіктермен салынған, ешқашан су жүрмейтін арық желісін тапсырыс берушілер қабылдап алары айдан анық. Қазір біреуге қажеті шамалы параллель жатқан арық жүйесін қабылдады ғой. Жобалаудағы, құрылыста кеткен қателіктер үшін ешкім жаза да тартпаған. Міне, сол сияқты осындай шала-жансар аяқталған жұмысқа да ешкім мін таға қоймас. 736 миллион теңге: бұл – ұзындығы 38,7 шақырым болатын 53 көше бойынша төрт учаскені қамтитын арық желісін қайта жаңартуға кеткен сома. Құрылыс жұмыстары екі жылға созылды. Қаражат «Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінді. Егер осы арықтар бойымен су ешқашан жүрмейтін болса, мемлекет бюджетінен қомақты қаражат жұмсау қажет пе еді?!

Тегтер: бағдарама мемлекеттік саясат қаражат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 15:00
Оралда көкөніс өсіру тиімді бизнес
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08:40
Әділхан ЖӨЛЕКЕШОВ: Оқушыларымыз карантиндік талапқа сай білім алуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.09.2021, 18:23
Қарағандыда құрылыс басында қазалы жағдай орын алды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.09.2021, 16:55
Нұралықтар-қауырт қимыл үстінде
Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ 17.09.2021, 11:38
Қоқыс та қордалы мәселе
Мариям МАҚСАТ 17.09.2021, 09:13
«Басшымыз күн көрсетпейді»

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39