Жетімдерді жетелеген жігіт

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

18.03.2021, 17:20

1658

Қарқаралы ауданына қарасты Қазыбек би ауылының құрамында Қоянды деген аядай  елді мекен бар. Қазір мұнда 82 отбасы түтін түтетіп отыр. Ұлы Жібек жолын жалғаған Қоянды жәрмеңкесі нақ осы жерде салтанат құрған. Еліміз тәуелсіздік алған 90-жылдары өмірге енген нарықтық реформа шағын ауылдың құтын қашырды. Жекешелендіру әкелген жұттың салдарынан жұрттың шаруашылығы қараң қалды, баспаналарын тастаған жұрт жан-жаққа үдере көшті, өрістегі малдың қарасы кеміді, елді мекендегі ағайынның саны күрт кеміді.

Өліара шақтан өткен туған ауылының ахуалын естіп, жағдайын көзбен көруге кәсіпкер Нұрлан Қалтаев келеді. Өскен өлкесінің тұралаған тұрпатына куә болған тәуекелшіл жігіт кіші отанын көркейтуді қолға алып, түреннен жол салды. 

                                   Отбасын тапқан жетім жеткіншектер

Ақпейіл азаматтың ілкімді ісі мұнымен шектелмеді. Ауылда ақ шағаладай үйлер салып, тұрғындар санын көбейтуге сеп тигізді. Шалғайдағы ордалы оңтүстікте тұрмыс ауыртпашылығынан қиналып отырған қарашаны Қояндыға қарай ойыстыруды ойлады. Ең алдымен Оңтүстік Қазақстанның  Талапты ауылынан тоғыз отбасын көшіріп әкелді. Жаңа тұрғындарды су жаңа баспанамен қатар, қажетті жиhазбен және тұрмыстық техникамен жабдықтады, сондай-ақ азық-түлік қорымен де қамтамасыз етті.  

– Бұрын-соңды көрмеген мұндай тосын сыйға тап болғанымызда құдды ертегі әлеміне енгендей күй кештік. Бірақ бұл қиял емес, іскер жанның мұраты екенін түсіндік. Көшті бастап әкелген Нұрлан мырзамен ақылдасып, туған және өкіл балаларымыздың болашағын жасауды тоқайластық. Жақында несие алу жолымен  мал шаруашылығын құрып, бау-бақша өсіреміз деген шешімге келдік, – дейді  қоныс иесі Бауыржан Мәмбеталиев.

Шағын кәсіпкер Қалтаев әуелден қоныстанушыларға балалар үйінің кемі үш немесе төрт баласын асырап алуы керек деген шарт қойды. Оның ауылда тұрғызған үйлерінің  аумағы 220 шаршы метрді құрайды. Зәулім баспанада орта есеппен он бала емін-еркін жүріп-тұрады. Жаңа мекеннің  ауласына ойын алаңы да қатар салынады. Екінші деңгейлі банктер бұл үйлердің құнын бүгінде 8-12 млн теңгеге бағалап отыр.

– Ата-анасынан айырылған жеткіншектерді қамқорлыққа алатын отбасылар өз перзенттерін қосқанда, бала санын 10-ға толтыру керек. Екі жылдың мұғдарында жетімдер үйінен келген балалардың саны  қазір 22-ге жетті. Оларды асырап отырған отбасылардың шаңырағы жанға толып, табысы еселеді. Сауапқа кенеліп отырған азаматтардың алды Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан қаражат алып, мал шаруашылығымен айналысып отыр. Желкілдеп өсіп келе жатқан өренді кемшін қалдырмай, киім-кешекпен, оқу құралдарымен, азық-түлікпен, қысқы соғыммен қамтамасыз ету және денсаулықтарын қадағалауды мойныма алғанмын. Балалар өмірден өз орындарын тапқанша, оларды жетелеп жеткізу парызым деп санаймын. Былтыр облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің  қабылдауына кіріп,  ауылға жедел жәрдем көлігін қалап сұрап алдым. Аймақ басшысымен дидарласу барысында келер жылы аудан орталығы мен біздің ауылды қосатын көлік жолын жөндеу жөнінде келісім жасадым. Өңір жетекшісімен байласқан уәде сөзбұйдаға салынбай, іске асады деген үміттемін, – дейді жомарт жан.

 Қалтаев  күзде төрт  үйдің құрылысын бастады. Келешекте 20 баспана салмақ ниетте. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қояндыға Шымкенттен бала-шағасымен үш отбасы келіп қоныстанды. Олардың әрқайсысы жаңа шаңыраққа кірді. Жабық  мекеменің тәрбиеленушілерін ауылдық жерге  беру бұрын-соңды болмаған оқиға. Тың  бастаманы бірінші болып Нұрлан Қалтаев бастап отыр. Қайсар азамат  облыс орталығындағы балалар үйімен үшжақты келісімшарт бекіткен. Айтпақшы, бала санының кемдігінен бұған дейін орталау білім ордасы болып келген Қояндыдағы мектеп биылдан бастап орта білім беру мекемесі мәртебесін иеленді. Бұл игілікті бастама Нұрлан Қалтаевтың араласуымен  жүзеге асқан.

Қояндыдағы жиырма екі жеткіншек жексенбі сайын қаладан келетін өкіл әкелерінің жолын тосады. Қадірлі жанның  бейнесі қылаң берсе, құстай ұшып «көкелеп» құшағына кіруге таласады. Айқасқан құшақтар мәңгілік мұңның құрсауынан арылып, бақыттың нұрына шомылғандай күй кешеді.

Тегтер: қоғам мәселе кәсіп нәсіп билік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 14:32
Грек-рим шеберлері сенімді ақтамады
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 12:12
Басты мақсат – сот жүйесіне халықтың сенімін арттыру
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 13:15
Дәрігерлер тұрғындарға үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 10:48
Қырғызстанда жоғалған қазақстандық қыз өлі табылды
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:24
Еліміздің барлық өңірі «қызыл» аймақта тұр
Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 30.07.2021, 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58