22.09.2021, 09:47
783
Көлік жолдарын жөндеуге жыл сайын ел қазынасынан миллиондаған теңге қаржы бөлінеді. Алайда жыл жетпей жатып жаңартылған жолдардың кетеуі кетіп жатады. Салық төлеушілерді сергелдеңге салатын проблеманың орын алуына ауыр көліктердің салдары себеп болып отыр. Көбіне-көп жүк машиналардың шамадан тыс жүк тиеуі жолдың шытынауына әкеп соғуда дейді мамандар.
— Айталық, ауыр жүк көліктерге тиесілі жүк мөлшерінің шектік талаптары бар. Мысалы, бір білікке деп шаққанда жүктің салмағы 13 тоннадан аспауы тиіс. Алайда бұл талапқа көптеген фирмалар бағына бермейді. 25-40 тонна тиеген машиналар асфальттың тас-талқанын шығарады,-дейді «жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалының инженері Асхат Шахаев.
Еліміздің «көлік және коммуникация» министрлігі көлік қозғалысына қатысты арнайы шектеулер бекіткен. Онда салмағы 13 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері 25 градус суықта республикалық маңызы бар автожолдарда жүруге тыйым салынатыны жазылған. Біздің өңірде ауа температурасы жоғарлағанда асфальт ауыр күшке шыдас бермейді. Әсіресе, жауын-шашын жиі түсетін кезде осындай жағдай жиі орын алады.
«Қарағанды облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» Мемлекеттік мекемесі мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК ҚОФ қызметкерлері қыркүйек айы басталғалы бері ауыр жүк көліктерін тексеру бойынша бірлескен бірнеше рейд жүргізді. Тексеріс нәтижесі көрсеткендей, осы уақыт аралығында ведомство қызметкерлері 67 заңбұзушылық жағдайды анықтады. Тас жолда жүкті мейлінше көп тиеген компаниялардың біріне 700 мың теңгеден астам айыппұл салынды. 7-ші қыркүйекте қарағандылық компанияға тиесілі жүк көлігі Сәтбаев қаласында заң қызметкерлерінің назарына ілікті. Тінту барысында оның шамадан тыс көп тасымал тиегені анықталған. Сондай-ақ, 16-шы қыркүйек күні Теміртаудағы бір фирмаға тиесілі жүк көлігі «Токаревка-Ботақара» бағытындағы тас жолда тоқтатылды. Инспекция мамандары көлік жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырылып, компанияға жарты миллион теңгеден астам айыппұл салды. Осындай тексерістер жиі жүрсе, бәлкім жол сапасы кепілдік мерзіміне дейін қызмет көрсетер деген үміт бар.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР