«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»

Б.СӘРСЕНБИ

30.07.2021, 17:38

827

Түркістан облысы құрғақшылықтан мал қырылып жатқан Маңғыстау облысына көмек беруді жыл соңына дейін жалғастыра береді. Түркістан және Маңғыстау облыстық мәслихаттары арасында осы жөнінде меморандум жасалды.

Жиында сөз алған Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, облыстық мәслихаттың депутаттары және облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ш.Жамалбек қиын кезеңде халыққа демеу болған барша азаматтарға алғыс айтып, Маңғыстау облысына осындай сын сағатта Түркістан облыстық, барлық аудандық және қалалық мәслихат депутаттарының гуманитарлық қолдау көрсететінін айтты.

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов биылғы қуаңшылық кезінде Түркістан облысының әкімдігі, облыс халқы, кәсіпкерлер, белсенді жастардың көмегімен  маңғыстаулық шаруаларға осы күнге дейін  67 вагон (1620 тонна) шөп жөнелтілгенін, сондай-ақ бүгінгі күні тағы сегіз вагон (240 тонна) аттанғалы тұрғанын жеткізді. С.Қалқаманов  Маңғыстау облысының соңғы үш жылда облыста орын алған түрлі төтенше жағдайларда, атап айтқанда, 2019 жылы Арыс қаласындағы әскери базадан шыққан жарылыс салдарынан зақымданған 279 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізіп, жаңадан төрт үйді салып, тұрғындарға тапсырғанын, сондай-ақ 2020 жылы Сардоба суқоймасының жарылу салдарынан зақымданған Мақтаарал ауданы тұрғындарына гуманитарлық көмектер көрсете білгенін сөз етті. Сонымен қатар Түркістан қаласына Маңғыстау облысы «Амфитеатр» мәдени нысанын сыйға тартқанын атап өтіп, көмек қолын созған маңғыстаулықтарға алғысын білдірді.

Жиында қажеттілік болған жағдайда «Қазақстан теміржолы» мен Түркістан облысының әкімдігі демеушілер есебінен қосымша 100 вагон бөлетіні айтылды. Осындай ел басына күн туған кезде қайырымды істің бастамашысы болып, елге  жанашырлық танытқан азаматтар Маңғыстау облысы мен Түркістан облысы әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Маңғыстауға қол ұшын созып, жемшөп жіберу шарасына атсалысып жатқан түркістандықтардың қарасы көбейіп келеді.  Ел қиналып жатқанда құр отыруды ар санаған жетісайлық шаруалар бұған дейін 74 тонна шөп жинап, батысқа жіберген еді. Күні кеше аудандағы Атамекен ауылының халқы тағы 45 тонна шөп жөнелтті.

«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» дегендей, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілдерін таныта алатын жандардың арамызда әлі де бар екені қуантады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейтін азаматтарымыз көп болсын», – деп хабарлады Жетісай ауданының әкімдігі.

Сондай-ақ Түркістан облысының Өзбекстанмен шекаралас аудандарында ағын судың тапшылығын шешу үшін экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.Қожаниязов өңірге арнайы сапармен келіп, шаруалармен кездесті.  Кездесу барысында су ресурстарын үнемді және тиімді пайдаланудың өзекті мәселелері талқыланды.

– Аудандағы 80 мың гектар суармалы егістік жерде 10 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін 40 мыңға жуық тұрғынның күнкөрісі ауылшаруашылық дақылдарынан алынған өнім көлеміне байланысты. Жыл сайын мемлекетаралық «Достық» магистральдық каналынан жазғы вегетациялық суару кезінде түрлі себептермен алдын ала белгіленген су көлемі келмей қалады. Сол үшін Шардара суқоймасынан  қосымша ағын су алу үшін машиналық каналды қосуды сұраймын, – деді кездесуде Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қыдырбек.

Вице-министр ирригациялық жүйені және суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша атқарылған жұмыстардың барысын баяндады. Мәселен, бүгінгі күні Қырғызстанмен Тоқтоғұл суқоймасынан Сырдария өзенінің арнасына маусым-тамыз айларында 330 миллион текше метр көлемінде қосымша су жіберу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Өзбекстан тарапымен осы су көлемін кедергісіз өткізу туралы келісім жасалды. Қазіргі таңда келісім бойынша Өзбекстан Республикасынан «Достық» каналы арқылы секундына 80 текше метр ағын су келуде. Мамандардың айтуынша,  бірлескен жұмыстардың арқасында вегетация кезеңі қалыпты жағдайда өтіп жатыр.

Тегтер: қуаңшылық құрғақшылық мал шаруашылығы мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 15:04
Инвесторлар үшін тартымды өңір
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 11:13
Жезқазғанда экспедиция қатысушылары бұрын зерттелмеген петроглифтерді анықтады
Сайт әкімшілігі 09:25
Нұр-Сұлтаннан Ыстамбұлға шыққан ұшақ шұғыл қонды
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 15:30
Жастардың мемлекеттік саясаты өзгеруі мүмкін
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 13:00
Еріктілер вакцинаның маңыздылығын насихаттауда
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 23.09.2021, 08:30
Сарандағы РТБ зауыты ауданында тіршілік жаңарды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39