Қайрат Сатыбалдыұлынан тәркіленген Kaisar Plaza тағы да сатылмай қалды
Алматыдағы Қайрат Сатыбалдыұлынан мемлекет меншігіне қайтарылған Kaisar Plaza бизнес орталығы кезекті рет аукционда сатылмай қалды.
Нысанның бағасы бастапқы құнымен салыстырғанда шамамен 14 миллиард теңгеге арзандағанына қарамастан, сауда-саттыққа бірде-бір сатып алушы қатыспады. Элиталық бизнес орталығын сату әрекеті төртінші ай қатарынан жалғасып келеді.
Сәуір айында ол 61,5 миллиард теңгеге бағаланса, маусымда құны 54 миллиард теңгеге дейін төмендетілген. Соңғы аукцион алдында баға тағы 7 миллиард теңгеге қысқарғанымен, қызығушылық танытқандар болмады.
Бағалау есебіне сәйкес, ғимараттың нарықтық құны 44,7 миллиард теңгені, ал оның орналасқан жер телімін жалға алу құқығы 2,8 миллиард теңгені құрайды.
2017 жылы салынған тоғыз қабатты Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығы Алматы қаласының Желтоқсан көшесі, 115 мекенжайында орналасқан. Жалпы аумағы шамамен 64 мың шаршы метр. Ғимарат 2031 жылға дейін мемлекеттен жалға алынған 0,7 гектар жер телімінде орналасқан.
Қазіргі уақытта бизнес орталығы жұмысын жалғастырып жатыр. Оны уақытша сенімгерлік басқарушы компания басқарады, ал ғимараттағы коммерциялық орындарды 53 кәсіпкер жалға алып отыр.
Қайрат Сатыбалдыұлы – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Ол 2022 жылы ірі көлемдегі қаржы жымқыру ісі бойынша сотталып, кейін ақшаны заңдастыру дерегі бойынша қозғалған іс аясында кінәсін мойындаған. Мемлекетке келтірілген залалды өтеу мақсатында Сатыбалдыұлы соңғы жылдары жүздеген миллиард теңгенің активтерін қайтарды.
2024-2026 жылдары мемлекетке қайтарылған мүліктің жалпы құны 730 миллиард теңгеден асты. Сол активтердің қатарында Kaisar Plaza бизнес орталығы да бар.