Ақмола облысы Қосшы қаласында 140 отбасы 8 жылдан бері баспанасын күтіп жүр
Ақмола облысының Қосшы қаласында үлескерлер тағы да наразылыққа шықты. Олар 8 жылдан бері уәде етілген Diamond Park тұрғын үй кешенінен пәтерлерін ала алмай жүргендерін айтады.
Үлескерлердің сөзінше, осы уақыт ішінде сан мәрте уәде берілгенімен, тұрғын үй кешенінің құрылысы әлі күнге дейін басталмаған. Сондықтан олар енді шенеуніктердің кезекті уәдесіне сенбейтіндерін жеткізді.
2023 жылы сот құрылыс компаниясының басшысын алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Алайда сот үкімі заңды күшіне енгенімен, зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру мәселесі әлі шешілмеген.
Halyqstan телеграм арнасының хабарлауынша, өткен жылы үлескерлерге пәтер кілттері 2026 жылы Қала күніне орай табысталады деп уәде берілген. Бірақ бүгінде болашақ тұрғын үйдің орнында құрылыс жұмыстарының ізі де жоқ.
Зардап шеккендердің арасында зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар бар. Кейбірі болашақ пәтерді сатып алу үшін жалғыз баспанасын сатып жіберген. Қазір олар жалдамалы пәтерде немесе туыстарының үйінде тұрып, әлі салынбаған пәтер үшін несие төлеуге мәжбүр.
Қосшы қаласы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта аяқталмай қалған тұрғын үйдің құрылысын аяқтайтын әлеуетті инвесторды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.