Алматыда қызға тиіскен ер адам ұсталды
Алматыда Саяхат ауданында жергілікті тұрғынға тиіскен ер адам полиция тарапынан ұсталды.
Оқиға туралы видео мен ақпарат Instagram желісіндегі almatinec_news парақшасында жарияланған.
Жәбірленуші қыздың айтуынша, ер адам көшеде оған тиісіп, кеудесінен ұстаған. Қыз оқиғаны видеоға түсіріп үлгерген. Сонымен қатар ол кейбір өтіп бара жатқан адамдардың әрекетіне де наразы болған.
Жарияланымда айтылғандай, оқиға орнында тұрған кей ер адамдар қызға: «кешіре сал, енді қайталамаймын деді ғой» деп, күдіктіні ақтап алуға тырысқан.
Осыдан кейін бойжеткен қыз-келіншектерді сақ болуға және әрдайым қырағы жүруге шақырды.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Жетісу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің жеке басын анықтаған. Кейін ол полиция бөлімшесіне жеткізілген.
Тексеру барысында ер адамның Психикалық денсаулық орталығында есепте тұратыны белгілі болды.
Қазір аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша ер адамның әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қабылданады.
Полиция мұндай жағдайлар азаматтардың қауіпсіздігі мен жеке басына қол сұқпаушылық мәселесіне қатысты болғандықтан ерекше бақылауда екенін мәлімдеді.