Сараптама

АҚШ-та Ақ үй маңында атыс болды: шабуыл жасаған адам көз жұмды

АҚШ астанасы Вашингтонда Ақ үй маңында белгісіз ер адам күзет қызметкерлеріне оқ жаудырып, кейін ауруханада көз жұмды.

Ғ

DW агенттігінің хабарлауынша, оқиға 23 мамыр күні кешкі сағат алтыдан кейін болған. Қолында сөмкесі бар ер адам Ақ үй қоршауына жақындап келіп, ішінен қару шығарып, арнайы қызмет өкілдеріне қарай оқ атқан.

Қауіпсіздік қызметі де оқ атып, күдіктіні жаралаған. Ол ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның қайтыс болғанын мәлімдеді.

Әзірге шабуыл жасаған адамның кім екені ресми жарияланған жоқ. Қазір оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр.

Кездейсоқ өтіп бара жатқан адам да жараланды

Атыс кезінде тағы бір кездейсоқ өтіп бара жатқан азамат жарақат алған. Оның қазіргі жағдайы туралы ақпарат берілмеді. Ал күзет қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шекпеген.

Оқиға сәті америкалық ABC телеарнасының тікелей эфиріне де түсіп қалған. Ақ үй аумағынан репортаж жүргізіп тұрған тілші Селина Ван бірнеше ондаған оқ атылғандай дыбыс естілгенін айтқан. Осыдан кейін журналистерге шұғыл түрде ғимарат ішіне жасырыну туралы бұйрық берілген.

Оқиға кезінде Трамп Ақ үйде болған

Трамп атыс кезінде Ақ үй ішінде болған. Арнайы қызметтің мәліметінше, оқиға президент жұмысына әсер етпеген.

Ақ үй әкімшілігінің өкілі Трамптың жағдайдан хабардар екенін айтқан. Алайда Truth Social желісінде жазба қалдырып отыратын АҚШ президенті бұл оқиғаға қатысты әзірге пікір білдірмеген.

Оның атысқа дейінгі соңғы жазбаларының бірі Иранмен соғыстың жақын арада аяқталуы туралы болған. Кейін ол Демократиялық партияны сынаған тағы бір жазба жариялаған.

Бұл – Трампқа қатысты төртінші шабуыл әрекеті болуы мүмкін

АҚШ БАҚ-тарының жазуынша, бұл 2024 жылдан бері Трамп пен оның әкімшілігіне қарсы жасалған немесе соған ұқсас төртінші шабуыл әрекеті болуы мүмкін.

2024 жылдың шілдесінде Томас Мэттью Крукс Пенсильваниядағы сайлауалды митинг кезінде Трампқа оқ атқан. Сол кезде оқтың бірі саясаткердің құлағын жанап өткен еді. Шабуылдаушы оқиға орнында атып өлтірілген.

Сол жылдың қыркүйегінде Трамп гольф ойнап жүрген клуб маңынан қаруланған адам анықталған. Күдікті қашып кеткенімен, кейін ұсталды.

Ал 2026 жылдың сәуірінде қарулы ер адам Ақ үй тілшілер қауымдастығының кешкі асы өтетін Washington Hilton қонақүйіне басып кіруге әрекет жасаған. CBS News мәліметінше, ол АҚШ әкімшілігі өкілдерін нысанаға алғысы келгенін айтқан.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз