Work&Travel бағдарламасымен шетелге жіберетін агенттіктерге бақылау күшейтілуі мүмкін
Қазақстандық студенттерді Work&Travel сияқты халықаралық бағдарламалармен шетелге жіберетін турагенттіктерге мемлекеттік аккредитация енгізу ұсынылды.
Мұндай ұсынысты депутат Константин Петров айтты. Оның пікірінше, шетелге жұмыс істеуге немесе тағылымдамадан өтуге жіберетін компанияларға бақылауды күшейту қажет.
Бұған соңғы уақытта болған бірнеше жағдай себеп болып отыр. Депутаттың мәліметінше, жуырда бір компания шамамен 200 қазақстандық студентті АҚШ-қа жіберіп, кейін уәде етілген қызметтерді көрсетпей, оларды қиын жағдайда қалдырған.
Ал Ақтөбеде азаматтар жалған Work&Travel бағдарламаларының құрбаны болған. Кейбірі шын мәнінде болмаған бағдарламаларға қатысу үшін несие рәсімдеген.
Константин Петров осындай жағдайлардың алдын алу үшін шетелге студенттер мен азаматтарды жіберетін агенттіктерге мемлекеттік аккредитация жүйесін енгізуді ұсынды.
Депутаттың айтуынша, АҚШ пен Еуропалық одақ елдерінде мұндай қызмет түріне мемлекеттік бақылау тетіктері бұрыннан бар.
Сонымен қатар ол халықаралық сапарларды ұйымдастыратын компанияларға төтенше жағдайларға арналған резервтік қор құруды немесе сақтандыру рәсімдеуді міндеттеуді ұсынды.
Мұндай қаржылық кепілдік компания банкротқа ұшыраған немесе алаяқтық жағдайы анықталған кезде азаматтарды елге шұғыл қайтаруға және басқа да күтпеген шығындарды өтеуге мүмкіндік беруі тиіс.