Сараптама

Нобель сыйлығының лауреаты Наргиз Мохаммади түрмеден ауруханаға ауыстырылды

Ирандық құқық қорғаушы, Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Наргиз Мохаммади денсаулығының күрт нашарлауына байланысты түрмеден ауруханаға жеткізілді.

Наргиз Мохаммади

Бұл туралы DW хабарлады.

Иран билігі құқық қорғаушыны Зенджан қаласындағы түрмеден медициналық мекемеге ауыстырған. Оның атымен аталған қордың мәліметінше, қазіргі уақытта оның өміріне «елеулі қауіп» төніп тұр.

Хабарланғандай, түрмеде отырған кезінде Наргиз Мохаммади екі рет есінен танып қалған, ал наурыз айының соңында инфаркт алған.

Соңғы уақытта ол кеуде тұсының тұрақты ауырсынуына, қан қысымының жоғарылауына шағымданған. Сонымен қатар қысқа уақыт ішінде шамамен 20 келі салмақ жоғалтқан. Медициналық тексерулердің бірінде оған жүру үшін медицина қызметкерлері көмектесуге мәжбүр болған.

Айта кетейік, ауруханаға ауыстыру оның 12 желтоқсанда ұсталғанынан кейінгі 140 күн бойы «жүйелі медициналық немқұрайлылықтан» кейін ғана жүзеге асқан.

Наргиз Мохаммади 25 жылдан астам уақыт бойы Иран билігінің қысымына ұшырап келеді. Бұған дейін бірнеше рет түрмеге қамалған, ал биыл жыл басында сот оған тағы 7 жыл жаза кескен. Құқық қорғаушылардың айтуынша, ол қамау кезінде де, түрмеде де қатігездікке ұшыраған.

Еске салсақ, Наргиз Мохаммади 2023 жылы міндетті хиджабқа және өлім жазасына қарсы күресі үшін Нобель бейбітшілік сыйлығына ие болды. Сыйлықты оның атынан екі баласы алған. Сол кезде ол 31 жылға бас бостандығынан айыру және 154 дүре соғу жазасын өтеп жатқан еді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз