Қазақстан Қара теңіздегі мұнай танкерлеріне жасалған шабуылды айыптады
Қазақстан билігі Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында қазақстандық мұнай тиеп жатқан екі танкерге жасалған дрон шабуылдарын қатаң айыптады.
Оқиға кезінде кемелерде өрт шыққанымен, экипаждың жедел әрекетінің арқасында жалын дер кезінде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, сондай-ақ мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, азаматтық энергетикалық инфрақұрылымға бағытталған мұндай шабуылдарға жол беруге болмайды.
Қазір оқиғаның салдары толық бағаланғанға дейін терминалда мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Сыртқы істер министрлігі 17 және 19 шілдеде Қара теңізде болған дрон шабуылдары Қазақстанның экономикалық мүдделеріне нұқсан келтіріп, халықаралық энергетика нарығы мен көлік-логистикалық тізбектердің тұрақтылығына қауіп төндіретінін мәлімдеді.
Ведомство азаматтық кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұндай шабуылдарды дереу тоқтатуға шақырды.