Саясат

Axios: Трамп Нетаньяхуды бітімді бұзды деп айыптады

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесіп, Ливанға жасалған соққылар мен Таяу Шығыстағы атысты тоқтату келісімінің бұзылуына байланысты оған қатты наразылық білдірген.

Нетаньяху мен Трамп

Бұл туралы Axios басылымы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Басылым мәліметінше, әңгіме барысында Трамп Нетаньяхудың әрекеттерін қатаң сынға алып, оны «ақылдан адасқан» деп атаған. Сондай-ақ АҚШ басшысы Израиль премьеріне жемқорлық ісі бойынша түрмеден құтылып кетуіне көмектескенін де еске салған.

Axios дереккөздерінің айтуынша, Трамп Ливанға жасалған шабуылдардың салдарынан Нетаньяху халықаралық қауымдастықтың сынына жиі ұшырап жатқанын айтып, мұндай әрекеттер Израильдің одан әрі оқшаулануына әкелуі мүмкін екенін жеткізген.

1 маусым күні Нетаньяху Ливан астанасы Бейруттің оңтүстік аудандарына соққы беруге бұйрық берген. Израиль билігі бұл шешімді Иран қолдайтын «Хезболла» қозғалысымен қақтығыстың күшеюімен түсіндірді. Сонымен қатар Израиль әскері Ливан аумағындағы құрлықтағы операцияларын кеңейткен.

Axios мәліметіне сәйкес, Трамп әңгіме барысында Ливанда бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандар санының артып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген. Ол сондай-ақ «Хезболла» командирлеріне қарсы жүргізілген операциялар кезінде тұрғын үйлердің қиратылып жатқанын сынға алған.

Осы арада Иранның Tasnim агенттігі Тегеран мен Вашингтон арасындағы делдалдар арқылы жүргізіліп жатқан келіссөздердің тоқтатылғанын хабарлады. Алайда Трамп бұл ақпаратты жоққа шығарып, келіссөздер «өте қарқынды жалғасып жатқанын» мәлімдеді.

Трамптың айтуынша, АҚШ Израиль мен Ливан арасындағы өзара шабуылдарды тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізген. Бұл өз кезегінде Иранмен диалогты жалғастыруға мүмкіндік берген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз