Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына жолдама ала алмады
Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңнің соңғы ойынында Словениямен кездесіп, 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
Н тобының соңғы турындағы ойын Астана уақытымен сағат 01:45-те басталды. Матч Словения астанасы Люблянадағы «Стожице» стадионында өтті.
Бас бапкер Магомед Адиев алаңға бірінші минуттан мына ойыншыларды шығарды: Шацкий, Малый, Әліп, Быстров, Қуат, Чесноков, Самородов, Вороговский, Оразов, Бейсебеков, Марочкин өнер көрсетті. Капитандық міндетті Абзал Бейсебеков атқарды.
Бірінші таймның 41-минутында Словения құрамасы пенальти орындауға мүмкіндік алды, оны шабуылшы Беньямин Шешко сәтті орындап, алаң иелері 1:0 есебімен алға шықты.
Қазақстан құрамасы екінші тайм басталған бетте есепті теңестірді. 48-минутта Максим Самородов пасынан кейін Рамазан Оразов көзге түсті.
Ал ойынның 86-минутында словениялық ойыншы Беньямин Вербич жеңіс голын соқты.
Осылайша, Қазасқтан құрамасы Германияда өтетін Еуропа чемпионатына жолдама ала алмады. Біздің құрама 6 ойында жеңіске жетіп, 18 ұпай жинады. Н тобында бірініш, екінші орын алған Дания мен Словения Еуро-2024 додасына барады.