Іле ауданында «Оқитын ұрпақ – ойлы қоғам» атты аудандық форум өтті
Іле ауданы, М.Түймебаев ауылындағы «Келешек» мектебінің базасында Іле ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Оқуға құштар» жобасы аясында «Оқитын ұрпақ – ойлы қоғам» тақырыбында аудандық форум ұйымдастырылды.
Форумға оқушылар, ұстаздар, ата-аналар, кітапхана қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Сонымен қатар, «Қазақ газеттері», «Балдырған», «Ұлан», «Ақжелкен», «Дружные ребята» басылымдарының бас редакторлары арнайы келіп, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру бағытында өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Шара барысында кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқушылар көркем әдебиеттен үзінді оқып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Форум аясында кітаптың адам өміріндегі орны, оқу мәдениетін қалыптастыру және отбасылық кітап оқу дәстүрін дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

Кездесу барысында Абай атындағы ҚазҰПУ, Оразалы Досбосынов атындағы шығармашылық орталығының директоры Жетебаев Айтуған Сабырұлы қазіргі таңда телефон мен әлеуметтік желінің әсерінен кітап оқитын жастардың азайып бара жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жобаның басты мақсаты – балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оларды тұрақты түрде кітап оқуға баулу.
Сондай-ақ, бұл жоба алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, оқушыларды кітап оқуға кеңінен тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетінін жеткізді. Жоба аудандық деңгейден облыстық деңгейге өтіп, болашақта республикалық деңгейде жүзеге асыру жоспарланып отыр.