Live

Астанада жоспарлы операцияға дайындалған запастағы полковник қайтыс болды

Астанада 51 жастағы запастағы полковник жекеменшік клиникалардың бірінде жоспарлы операцияға дайындық кезінде көз жұмды.

Бала

Оқиға туралы марқұмның қызы әлеуметтік желіде мәлімдеді.

Оның айтуынша, әкесі мұрын қалқасын түзету және ұйқы кезіндегі тыныстың тоқтап қалуын (апноэ) емдеу үшін септопластика мен увулопластика операциясын жасатуға барған. Алайда ота басталмай жатып қайғылы жағдай орын алған.

Марқұмның қызының сөзінше, операцияға дайындық кезінде дәрілік препарат көктамырға енгізілгеннен кейін әкесінің жүрегі кенеттен тоқтап қалған.

Осыдан кейін науқас ауыр кома жағдайында №2 қалалық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер алты күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, ер адам есін жимастан қайтыс болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге ми ісінуі себеп болған.

Марқұмның туыстары оқиғаның жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етуде. Қызы сот-медициналық сараптаманың қорытындысын, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ресми ұстанымын күтіп отырғандарын айтты.

Сонымен қатар отбасы науқасқа енгізілген препараттың қауіпсіздігін тексеріп, медицина қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрайды.

 

«Әкем қарапайым жоспарлы операцияға барған еді, бірақ үйге оралмады. Біз енгізілген дәріні тексеруді және медицина қызметкерлерінің әрекетіне қатаң құқықтық баға беруді талап етеміз», – деп жазды марқұмның қызы.

 

Отбасы оқиғаның барлық мән-жайы анықталмайынша клиниканың жұмысын жалғастырып отырғанына да алаңдаушылық білдірді.

 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жекеменшік клиникалардағы медициналық процедуралардан кейін пациенттердің қайтыс болуына қатысты бірнеше резонансты оқиға тіркелген. Алматыдағы Smart Beauty клиникасында операция кезінде блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан көз жұмған болатын. Оның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Оған ұқсас жағдай Ақтауда да болды. Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов иекке жасалған липосакциядан кейін анестезия енгізілген соң комаға түсіп, кейін қайтыс болды. Кейін жүргізілген тексеріс барысында клиникада мамандандырылған реанимация бөлімінің болмағаны секілді бірқатар заң бұзушылықтар анықталған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз