Live

Атыраудағы қанды қылмыс: сотта жерленген мәйіттердің видеосы көрсетілді

Атырау облысында төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі бойынша сот отырысында жаңа бейнематериалдар зерттелді.

Жоғалған отбасы

Сотта алдымен Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті табылған жерден түсірілген кадрлар көрсетілді. Тергеу дерегінше, мәйіттер үй ауласындағы сарай еденінің астына көмілген. Бейнежазбада қазу жұмыстары, мәйіттердің шығарылуы және сот-медициналық сарапшылардың тексеруі көрсетілген.

Кадрларды қарау кезінде жәбірленуші тарап өкілдерінің бірі мұндай көріністерді көру ауыр екенін айтып, соттан үзіліс жариялауды сұрады. Алайда судья Зарема Хамидуллина бейнематериалды соңына дейін қарап шықты.

Сот отырысында қаза болғандардың банк шоттары арқылы жүргізілген қаржылық операциялар да зерттелді. Айыптау нұсқасына сәйкес, марқұмдардың есепшоттарынан Qazpost, Halyk Bank және Kaspi.kz арқылы жүздеген мың теңге шешіліп, жеке мақсаттарға жұмсалған.

Тергеу материалдарында Наурыз Мұқанғалиевтің телефоны арқылы Kaspi.kz қосымшасы пайдаланылып, 4,5 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілгені көрсетілген. Тергеушілердің болжамынша, қосымшаға кіру құпиясөзін Сәрсемәлиев Түркияға бірге барған сапар кезінде білген.

Сот барысында Индонезиядан оралған Ақбаян Мұқанғалиеваның тергеу кезіндегі жауабының видеосы да көрсетілді. Сонымен қатар Мұнайшы ықшамауданындағы жалдамалы үйде жүргізілген тергеу әрекеттерінің жазбалары зерттелді.

Бұдан бөлек, айыптау тарапы Сәрсемәлиев жоғалып кеткен отбасының атынан WhatsApp арқылы хат жазысқан деген нұсқаны алға тартты. Тергеу мәліметінше, ол Наурыз Мұқанғалиевтің телефонын пайдаланып, көршілермен байланысқа шыққан.

Іс бойынша дәлелдерді зерттеу жалғасуда. Келесі сот отырысы 9 маусымға белгіленді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз