Жастар Almaty Superski жобасын қоғамдық тыңдауда қолдады
Бүгін Оқушылар сарайы ғимаратында таңертеңнен бері Көк-Жайлау шатқалында Almaty Superski тау курортын салудың қоршаған ортаға ықтимал әсері туралы есеп бойынша қоғамдық тыңдау өтіп жатыр.
Іс-шараны жеке Kazakh Tourism Development Ltd. компаниясы ұйымдастырды.
Almaty Superski жобасы Көк-Жайлау шатқалы мен Күмбел шыңы аумағында жалпы ұзындығы 65 шақырымнан асатын тау шаңғысы трассалары бар инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Бұған дейін жоба өткен жылдың мамыр айында премьер-министр Олжас Бектеновке жабық форматта таныстырылған. Ал курорттың жаңартылған жоспары 2025 жылдың қыркүйегінде бекітілген болатын.
Тыңдау барысында залда жобаны қолдап келген жастар да болды. Олар плакаттар ұстап, Алматыдағы тау кластерін дамыту мен жаңа туристік инфрақұрылым құру бастамасын қолдайтындарын білдірді.
Жастар өкілдерінің айтуынша, тау курорттарын дамыту Алматыны халықаралық туристік деңгейге шығарудың маңызды қадамы саналады. Қатысушылардың бірі:
«Алматы таулары — біздің басты табиғи брендіміз. Егер инфрақұрылым дұрыс дамытылса, қала әлемдегі ірі курорттармен бәсекеге түсіп, дүниежүзінен турист тарта алады», – деді.
Басқа қатысушылар жоба туризмге ғана емес, елдің халықаралық имиджіне де әсер ететінін атап өтті.
«Қазақстан үшін заманауи инвестицияларға ашық екенімізді және әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым сала алатынымызды көрсету маңызды. Мұндай жобалар елдің туристік бағыт ретіндегі беделін қалыптастырады», – деді олар.