Шымкентте шенеунік Бейсенбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны расталды
Шымкент қаласындағы Тұран аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Мұрат Бейсенбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады.
Бұған дейін журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында Бейсенбаевтың 1 қыркүйекте ұсталғаны туралы ақпарат таратқан. Оның мәліметінше, шенеунік қарамағындағы қызметкерлер арқылы кәсіпкерлерден ұйымның оң қорытындысын шығару үшін жүйелі түрде ақша алып отырған.
Осы ақпаратқа байланысты БАҚ ҰҚК-ге ресми сауал жолдады. Комитет қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Алайда ведомство істің мән-жайына қатысты қосымша ақпарат бермеді.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - деп хабарлады ҰҚК.
Мұрат Бейсенбаев Шымкенттегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментін 2023 жылғы 24 мамырдан бері басқарып келеді.