спорт

Иран АҚШ-тың әрекетіне байланысты ФИФА-ға шағым түсірмек

Иран футбол федерациясы ұлттық құраманың әлем чемпионаты кезіндегі АҚШ-қа кіру шектеулеріне байланысты Халықаралық футбол федерациясына (ФИФА) шағым түсіруге ниетті.

Иран

NBC News пен Reuters агенттігінің мәліметінше, визаға қатысты белгісіздік пен Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты Иран құрамасы АҚШ-та өтетін топтық кезең матчтарына Мексикадағы базасынан қатынауға мәжбүр болып отыр.

АҚШ билігі Иран құрамасының мүшелеріне елге матч басталуына 24 сағат қалғанда ғана кіруге және ойын өткен күні қайта шығуға рұқсат берген.

Иран Ұлттық құрамасының бас бапкері мұндай талаптардың салдарынан Иран әлем чемпионатындағы «ең көп шектеуге ұшыраған құрамаға» айналғанын айтты.

Иран футбол федерациясы жариялаған мәлімдемеде бұл шектеулер турнирге қатысушы барлық командалар үшін тең жағдай жасау қағидаттарына қайшы келетіні және команданың дайындығына кері әсер етуі мүмкін екені айтылған.

Федерация сондай-ақ ФИФА-ға ресми наразылық жолдайтынын мәлімдеді.

Иран тарапының пікірінше, қалыптасқан жағдай Жаңа Зеландияға қарсы матчтағы нәтижеге де әсер еткен. Аталған ойын 2:2 есебімен аяқталды.

Федерацияның хабарлауынша, бапкерлер штабының жоспары бойынша құрама ойын өтетін қалаға матчтан екі күн бұрын барып, техникалық және физикалық дайындық жүргізуі тиіс болған. Алайда Жаңа Зеландиямен кездесу алдында мұндай мүмкіндік берілмеген.

Иран құрамасы 21 маусымда Лос-Анджелесте Бельгиямен кездессе, 27 маусымда Сиэтлде Мысырға қарсы ойнап, G тобындағы жарыс жолын аяқтайды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз