Ресей билігі Павел Дуровты халықаралық іздеуге берді
Ресей билігі Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровқа терроризмге жәрдемдесті деген айып тағып, оны халықаралық іздеуге жариялағанын мәлімдеді.
Ресейлік ақпарат көздерінің хабарлауынша, Дуровқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, оған терроризмге ықпал ету бабымен айып тағылған.
Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) мәліметінше, Telegram әкімшілігі Украина арнайы қызметтері лаңкестік әрекеттер мен жаппай кісі өлтірулерді ұйымдастыру үшін пайдаланған арналар, чаттар және боттарды жоймаған. Ведомствоның мәлімдеуінше, аталған платформаны пайдалану арқылы жасалған қылмыстар көптеген адамның, соның ішінде әйелдер мен балалардың қаза табуына әкеліп, миллиардтаған көлемде материалдық шығын келтірген.
Сондай-ақ ФҚҚ Украина арнайы қызметтері Telegram желісіндегі «Дайвинчик» сервисі арқылы қыздардың атын жамылып ресейлік азаматтармен танысып, оларды алдап террористік әрекеттерге тартқанын атап өтті.
Қазіргі уақытта Павел Дуровқа тағылған айыптар бойынша ресми сот процесінің басталғаны туралы ақпарат жарияланған жоқ. Ал Telegram немесе Дуровтың өзі бұл мәлімдемелерге қатысты әзірге пікір білдірмеді.