10 жылда 100 кітап жарық көрді
2024 жылдың 10 желтоқсанында Астанада Зерделі мектептері мен орталықтарының «10 жылда жарық көрген 100 кітап» атты тұсаукесер шарасы өтті. Бұл маңызды жоба білім беру саласындағы жаңашылдық пен ел болашағына қосқан үлестің жарқын көрінісі.
Жобаның болашағы үлкен, ал жарық көрген кітаптар оқушылар мен мұғалімдер үшін маңызды оқу құралы болмақ. Бүгін де дәл осы оқу әдістемелерімен мемлекеттік білім беру ұйымдары да оқушыларға сабақ беруде. Кітаптар мазмұны бойынша математика, жаратылыстану, гуманитарлық және ағылшын тілі пәндеріне арналған еңбектерге топтастырылды. «Зерделі» орталықтары мен мектептер желісінің негізін қалаушы Ырысбек Мәуіттің айтуынша, бұл еңбектер мектеп оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытуға және олимпиада дайындығын жетілдіруге бағытталған.
Тұсаукесерге сенат депутаттары Бекбол Орынбаев, Амангелді Толамисов, мәжіліс депутаттары Нұргүл Тау, Олжас Құспеков, орта білім беру комитетінің төрағасы Бекболат Жұмашев және білім саласының өкілдері қатысты.
Шараның ашылуында депутат Бекбол Орынбаев: «Елдің дамуы үшін әрбір адамның терең білімді немесе еңбекқор болуы маңызды. Бізге «технократиялық ел» болу үшін математика мен жаратылыстану пәндерінің сапасын арттыру қажет. Зерделі мектептері осы мақсатқа адал қызмет етіп келеді. 10 жыл ішінде 100 оқулық жазу – ел дамуына қосқан зор үлес», – деп атап өтті.
Ал шара соңында Зерделі мектептерінде еңбек еткен 35 ұстазға Сингапурға тәжірибе алмасуға сертификаттар табысталды. Бұл ұстаздарға беріліп жатқан үлкен мүмкіндіктің бірі. Еске сала кетейік, өткен жылы 30-дан аса ұстазды Лондондағы білім ордаларына тәжірибе алмасуға барған еді.