Сараптама

«Система»: Путиннің балаларына Батыстан келген гувернанттар сабақ береді

Ресей президенті Владимир Путин мен гимнаст, Олимпиада чемпионы Алина Кабаевадан туған делінетін балаларды шетелдік гувернанттар оқытып жүр.

Путин

Бұл туралы «Система» зерттеу жобасы мәлімдеді.  

 Зерттеу авторларының дерегінше, 2017 жылдан 2026 жылға дейін Путин мен Кабаева отбасында Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Германия, Аустрия және Ирландиядан келген шамамен 20 мұғалім мен гувернант жұмыс істеген.

Тергеуші журналистердің мәліметінше, тек 2026 жылдың қаңтар айында ғана балаларға сабақ берген үш гувернанттың жалақысына кемінде 3,5 миллион рубль жұмсалған.

Құжаттарға сәйкес, шетелдік мамандар ресми түрде «Согаз» халықаралық медициналық орталығы жанындағы кәсіби қайта даярлау институтында «жетекші аудармашы» ретінде тіркелген. Бұл оларға Ресейде жоғары білікті маман мәртебесімен жұмыс визасын алуға мүмкіндік берген.

«Система» жобасының мәліметінше, балаларға арналған шетелдік ұстаздарды жұмысқа қабылдау ісімен Кабаеваның немере әпкелері Олеся Федина мен Екатерина Головачева айналысқан.

Құжаттарда Путин мен Кабаеваның аты-жөні тікелей көрсетілмеген. Балалар тек «қамқорлықтағы тұлғалар» ретінде аталады. Алайда 2019 жылғы құжаттардың бірінде Иван Федин есімі кездеседі. Зерттеу авторлары бұған дейін жарияланған материалдарға сүйеніп, Путин мен Кабаеваның делінетін ұлдарының есімі Иван (2015 жылы туған) және Владимир (2019 жылы туған) болуы мүмкін екенін жазады.

Зерттеуде мұғалімдердің президент резиденцияларының бірінде балалармен бірге тұрғаны айтылады. Осыған байланысты олар тұрақты түрде медициналық тексеруден өтіп отырған.

Сонымен қатар қызметкерлерге балаларға діни, саяси немесе идеологиялық көзқарастарын таңуға, сондай-ақ жыныстық тәрбие мен ЛГБТК+ тақырыптарын қозғауға тыйым салынған.

Журналистердің жазуынша, 2019 жылы Олеся Федина гувернанттарға Иван есімді баланың төрт жасқа дейін толықтай «тілдік ортада» тәрбиеленуі қажет екенін айтып, оның ағылшын тілі «сауатты еуропалықтың сөйлеу мәнеріне» ұқсауы тиіс деген талап қойған. Осындай талаптар неміс тілін оқыту барысында да қойылған.

«Система» жобасы сауал жолдаған мұғалімдердің басым бөлігі түсініктеме беруден бас тартқан немесе жауап бермеген. Сондай-ақ Екатерина Головачева, Олеся Федина, Кабаеваның өкілдері және Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков да журналистердің сұрақтарына жауап қайтармаған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз