Қоғам

Wildberries-тің Алматыдағы логистикалық орталығына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті Алматыда логистикалық орталық салып жатқан Wildberries компаниясының құқығын қорғады.

Wildberries

Компанияның өтінішінен кейін жүргізілген тексеру барысында инвестициялық жобаға қауіп төндірген қылмыстық процестің негізсіз қозғалғаны анықталған.

Инвестор Комитетке салынып жатқан нысан аумағында тінту жүргізіліп, құрылыс техникасына мөр басылғаны туралы шағымданған. Бұл жағдай жобаның әрі қарай жүзеге асуына кедергі келтіруі мүмкін болған.

Комитеттің тапсырмасымен Алматы қаласының прокуратурасы қылмыстық істі тіркеу мен қабылданған процестік шешімдердің заңдылығын тексерген.

Тексеру нәтижесінде құрылыс жұмыстарына байланысты мердігер мен қосалқы мердігер арасында туындаған даудың азаматтық-құқықтық сипатта болғаны анықталды. Қылмыстық қудалауға негіз болмаған.

Комитет прокуроры Рауан Әлмішевтің айтуынша, прокуратураның жедел араласуының арқасында инвестордың құқығы сотқа дейінгі тергеу кезеңінде қорғалып, инвестициялық жобаның іске асуына кедергі келтіретін жағдайларға жол берілмеген.

«2026 жылғы 2 қыркүйекте қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Сонымен қатар кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі көтерілді», – деді ол.

Комитет өкілдері қылмыстық-процестік шараларды бизнеске қысым жасау немесе инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіру құралы ретінде пайдалануға жол берілмейтінін атап өтті.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау және олардың қызметіне негізсіз араласу фактілеріне жедел ден қою жұмыстары жалғасады.

Тегтер: Wildberries Алматы
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз