Live

Алматыда 12 жастағы баланы мектеп оқушылары пышақтап өлтірді

Алматы қаласының Түрксіб ауданында қайғылы оқиға болды.

1

Алматыда жасөспірімдер арасындағы жанжал қайғылы аяқталды. Оқиға салдарынан 12 жастағы бала көз жұмды.

Қайғылы жағдай 10 маусым күні қаланың Түрксіб ауданында болған. Полицияның мәліметінше, мектеп оқушысы пышақ жарақатынан қайтыс болған.

Алматы қалалық полиция департаменті Halyqstan тілшісіне берген мәліметте кісі өлтірді деген күдікпен марқұммен таныс болған 13 жастағы қала тұрғыны ұсталғанын хабарлады.

Алдын ала мәлімет бойынша, кәмелетке толмағандар арасында жанжал туындап, соның барысында бала пышақталған.

Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Күдікті арнайы мекемеге орналастырылған.

Сондай-ақ тергеу аяқталғаннан кейін оның ата-анасын баланы тиісінше тәрбиелемегені үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.

Қаза болған баланың туыстары оған тоғыз рет пышақ салынғанын айтады. Олар күдіктінің жасы кіші болғандықтан ауыр жазадан құтылып кетуі мүмкін деп алаңдап, істің қоғам назарында болуын сұрап отыр.

Жақындарының айтуынша, отбасыға әзірге тәркіленген бейнежазбаларды көруге мүмкіндік берілмеген және тергеудің барлық мән-жайы толық хабарланбаған.

Марқұм баланың әпкесі Threads әлеуметтік желісінде жұртшылыққа үндеу жасап, ақпаратты кеңінен таратуды өтінген.

«Кеше кешке 12 жастағы інімді өлтіріп кетті. Екі 13 жастағы жасөспірім оған 9 рет пышақ салды. Осы оқиғаның қоғамда резонанс тудыруына және кінәлілердің жазалануына көмектесіңіздер», – деп жазды ол.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз