Алматыдағы «Береке» базары сүрілді
Алматыда Гоголь мен Мұратбаев көшелерінің қиылысында орналасқан «Береке» базары сүрілді. Қала әкімдігінің мәліметінше, сауда нысандары рұқсат құжаттарынсыз салынған.
Әкімдік хабарлауынша, жоспардан тыс тексеру нәтижесінде нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілген.
Алайда талаптар орындалмағандықтан, уәкілетті органдар сотқа жүгінген.
«Заңсыз салынған нысандарды бұзу туралы талап арыз сотқа жолданды. Сот демонтаж жүргізу жөнінде шешім шығарды», – деп мәлімдеді әкімдік.
Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін нысан иесі құрылыстарды өз күшімен бұзған.
«Береке» базары Алматыдағы көп жылдан бері жұмыс істеп келген сауда орындарының бірі саналады. Ол Гоголь және Мұратбаев көшелерінің қиылысында орналасқан болатын.