Қазақстан Кашаған операторының мүлкіне шектеу қойды
Қазақстанда Кашаған кен орнын игеретін North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының мүлкі мен көлік құралдарына шектеу қойылды.
Reuters агенттігінің мәліметінше, бұған компанияның экологиялық талаптарды бұзғаны үшін салынған 2,3 трлн теңге (шамамен 4,8 млрд доллар) көлеміндегі айыппұлды төлемеуі себеп болған.
Қазақстан тарапының мәлімдеуінше, талаптар Кашағандағы күкіртті сақтау кезінде анықталған экологиялық заңбұзушылықтарға байланысты қойылған. Ал NCOC бұл айыптаулармен келіспейтінін мәлімдеп, талаптарды халықаралық арбитражда даулап жатыр.
Айта кетейік, Кашаған – Қазақстандағы ең ірі мұнай жобаларының бірі. Консорциум құрамына Eni, Shell, ExxonMobil, TotalEnergies, CNPC және «ҚазМұнайГаз» компаниялары кіреді.