Индонезиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 47-ге жетті
Индонезияның Флорес аралы жағалауында болған қуатты жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 47 адамға жетті. Тағы 50 адам түрлі жарақат алған.
Құтқарушылар үйінділерді аршып, іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.Жер сілкінісі Шығыс Нуса-Тенгара провинциясындағы Флорес аралы маңында тіркелген. Жерасты дүмпулерінің магнитудасы 7,7 болды. Табиғи апаттан кейін құтқару қызметтері қираған ғимараттардың астында қалған адамдарды іздеуге кірісті.
Іздеу-құтқару жұмыстарына қосымша күш тарту үшін екі тікұшақ пен бір ұшақ әзірленген.
Жер сілкінісінен шамамен 12 сағат өткен соң Индонезияның батыс бөлігінде орналасқан Суматра аралында да қуатты жер сілкінісі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, онда адам қазасы немесе қирау туралы ақпарат түспеген.
Құтқарушылар Флорес аралындағы үйінділерді тазарту және зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстарын жалғастырып жатыр.