«Әділет» партиясының құрылтай съезі Астанада жұмысын бастады
2026 жылғы 7 мамырда Астана қаласында «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өз жұмысын бастады. Съезге Қазақстанның барлық өңірінен шамамен 1000 делегат қатысып жатыр.
Жиын барысында партия қызметін ресми бастауға қажетті шешімдер қабылданбақ. Атап айтқанда, партияның жарғысы мен бағдарламасы бекітіліп, басшылық органдары анықталады.
«Әділет» партиясының негізгі құндылықтары ретінде әділдік, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық және даму жарияланды. Партия бағдарламасында әділдіктің негізі ретінде «Заң мен Тәртіп» қағидаты көрсетілген.
Партия Қазақстанда кез келген адал еңбек – мамандығына немесе жұмыс түріне қарамастан – әділ әрі лайықты бағаланатын жағдай қалыптастыруды мақсат етеді.
«Әділет» жан-жақты жаңғыру бағытын қолдай отырып, елдің технологиялық, интеллектуалдық және институционалдық дербестігін нығайтуды қолдайтынын мәлімдеді.

Бағдарламада денсаулық сақтау, білім, ғылым, мәдениет және креативті индустрияларды дамыту арқылы адами әлеуетті күшейтуге ерекше назар аударылған.
Партия медицина саласында негізгі басымдық адам денсаулығы болуы тиіс деп есептейді. Сондай-ақ алғашқы медициналық көмекті күшейтіп, дәрігерлердің еңбек жағдайын жақсартуды ұсынады.
Мемлекеттік құрылым мәселесінде партия елдің бәсекеге қабілеттілігі өңірлердің теңгерімді дамуына байланысты деп санайды. Әр өңір орталық тарапынан әділ қолдауға ие болуы керек деген ұстаным айтылды.
Халықаралық аренада «Әділет» Қазақстанның жауапты орта держава және жаһандық қайшылықтарды теңестіре алатын тұрақтандырушы күш ретіндегі мәртебесін нығайтуды көздейді.
Сонымен қатар партия саяси жауапкершіліктің жаңа стандартын енгізуді ұсынды. Ол бойынша әр партия сайлаушылар алдында бағдарламасының әр тармағы мен әр уәдесі бойынша тұрақты түрде ашық есеп беріп отыруы тиіс.
Партия «Әділет» платформасы атты цифрлық платформасын іске қосты. Ол арқылы партияға мүшелікке өтініш беруге, бастамалар ұсынуға және қоғамдық маңызды мәселелерді талқылауға болады.

«Әділет» партиясының мүшесі болу үшін Қазақстан азаматы 18 жасқа толып, партияның Жарғысы мен Бағдарламасын мойындауы қажет. Заң бойынша саяси ұйымдарға қатысуға тыйым салынған тұлғалар ғана мүшелікке қабылданбайды.
Еске салсақ, 15 сәуірде бастамашыл топ жаңа партия құру ниеті туралы ресми мәлімдеме жасаған болатын. Ал 16 сәуірде ҚР Әділет министрлігі хабарламаны қабылдағанын растады.
Осылайша, 7 мамырдағы құрылтай съезі партияны ресми құрудағы негізгі кезеңдердің бірі саналады.
Партия заң талап ететін 5000 мүшелік межеден асып, 9812 адамды біріктіргенін мәлімдеді. Сондай-ақ әр облыс пен республикалық маңызы бар қаладан кемінде 200 мүшеден тұру талабы да орындалған.
Партия өкілдерінің айтуынша, құрылтай съезі тек тіркеу рәсімі ғана емес, Қазақстандағы саяси қатысу мәдениеті мен өкілді демократия институттарын нығайтудың маңызды қадамы болмақ.