Live

Қонаевта алты стратегиялық нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Алматы облысының әкімшілік орталығы Қонаев қаласында өңірдің басқару және инфрақұрылымдық әлеуетін күшейтуге бағытталған алты ірі стратегиялық нысанның құрылысы жүргізілуде.

Марат

Жобалар облыс орталығының заманауи келбетін қалыптастырып, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және қаланың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Құрылыс алаңдарын аралаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мердігер ұйымдардың жұмысымен танысып, нысандардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Аймақ басшысы құрылыс қарқынын арттыру үшін жұмысшылар мен арнайы техникалар санын көбейтудің маңызын атап өтті.

Үкіметтің кешенді даму жоспарына сәйкес қазіргі уақытта Қонаев қаласында Облыстық соттың, Полиция департаментінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың әкімшілік ғимараттары мен Департаменттер үйінің құрылысы жүргізілуде. Нысандардың басым бөлігі «Алматы – Өскемен» республикалық тасжолы бойында орналасқан.

Сонымен қатар облыстық мұрағат ғимараты, Алматы облысы әкімі аппаратының автокөлік кешені және Қапшағай су қоймасы жағалауындағы курорттық-ойын-сауық нысандары бой көтеруде.

Полиция департаментінің жаңа ғимаратының жалпы ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Қазіргі таңда құрылыс алаңында ескі нысандарды бұзу және аумақты тазарту жұмыстары аяқталуға жақын. Болашақ кешен үштен алты қабатқа дейінгі сегіз блоктан тұрады және құқық қорғау органдарының тиімді жұмыс істеуіне қажетті барлық заманауи инфрақұрылыммен жабдықталады.

Арнайы мемлекеттік органдарға арналған бес қабатты әкімшілік ғимараттың жалпы ауданы 12 мың шаршы метрден асады. Нысанда құрылысшылар жер асты жұмыстарын жүргізіп, іргетасын дайындауда.

Ведомстволық ұйымдарға арналған әкімшілік кешен екі блоктан тұрады. Қазіргі уақытта қазаншұңқыр қазу және құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Ал төрт блоктан тұратын Департаменттер үйінде мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне арналған жұмыс кабинеттері, мәжіліс залдары, архив, медициналық пункт және басқа да қызметтік бөлмелер қарастырылған. Бұл кешен мемлекеттік органдардың жұмысын бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Құрылыс қарқынды жүріп жатқан тағы бір маңызды нысан – облыстық мұрағат ғимараты. Жалпы ауданы 8,4 мың шаршы метр болатын кешенде екі миллионнан астам құжатты сақтауға жағдай жасалады. Ғимаратта өрт қауіпсіздігі талаптарына сай арнайы материалдар қолданылып, құжаттарды ұзақ мерзімге сақтауға арналған заманауи жүйелер орнатылады.

Облыс әкімі сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің көліктеріне қызмет көрсететін автокөлік кешенінің құрылысымен танысты. Үш гектарға жуық аумақты қамтитын нысанда әкімшілік және техникалық бөлімдер орналасады. Мұнда бір мезетте жүзге жуық автокөлікке қызмет көрсетуге мүмкіндік болады.

Қапшағай су қоймасының жағалауында жүзеге асырылып жатқан халықаралық деңгейдегі туристік жобалар да өңір экономикасына тың серпін бермек. Жалпы көлемі 24 млрд теңге инвестиция тартылған жобалар аясында заманауи қонақүй кешендері, аквапарк, аттракциондар саябағы, SPA орталықтары мен ойын-сауық аймақтары салынады. Нәтижесінде кемінде 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Марат Сұлтанғазиев бұл нысандардың Қонаев қаласының жаңа келбетін қалыптастыруда ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

«Жаңа облыс орталығында заман талабына толық жауап беретін, сәулеттік тұрғыдан тартымды әрі сапалы ғимараттар салынуы қажет. Бұл жобалар мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, қаланың дамуына да серпін береді. Сондықтан әрбір мердігер өзіне жүктелген міндетті жоғары жауапкершілікпен орындауы тиіс», – деді облыс әкімі.

Жоспар бойынша барлық стратегиялық нысандардың құрылысы келесі жылы аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл Қонаев қаласының өңірлік басқару орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз