9 маусымда Қазақстанда мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелері күні атап өтіледі
Арнайы мақсаттағы бөлімшелер елдің күштік құрылымдарындағы элиталық топ саналады. Оларды жоғары деңгейдегі кәсіби даярлық, мінсіз машық, ең күрделі жағдайларда әрекет ету қабілеті және бірнеше секунд ішінде шешім қабылдай білу ерекшелейді.
Арнайы жасақ әскери қызметшілері мен қызметкерлеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, мемлекеттің егемендігін қорғау және азаматтардың қауіпсіздігін сақтау сияқты маңызды міндеттер жүктелген.
Арнайы берет кию құқығына арналған біліктілік сынақтары арнайы мақсаттағы бөлімшелер әскери қызметшілерінің кәсіби шеберлігі мен жоғары жауынгерлік дайындық деңгейінің символы болып табылады. Бұл күштік құрылымдардағы ең күрделі сынақтардың бірі саналады және үміткерлерден ерекше төзімділікті, психологиялық тұрақтылықты, тактикалық, атыс және арнайы дайындықтың жоғары деңгейін талап етеді. Арнайы беретті кию құқығына тек ең үздіктер ғана ие болады. Сол арқылы олар ең жауапты міндеттерді орындауға дайын екенін дәлелдейді.
Қазақстандық арнайы жасақтың жоғары дайындық деңгейі халықаралық аренада да мойындалған. Қарулы күштер мен елдің басқа да күштік құрылымдары арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің әскери қызметшілері беделді халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығуларда үнемі жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Осы жетістіктердің ішінде Дубайда өткен арнайы бөлімшелердің халықаралық жарыстарындағы қазақстандық командалардың табысты өнер көрсетуі ерекше орын алады. Онда біздің әскери қызметшілер ең мықты қатысушылар қатарынан көрініп, жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейін, іс-қимылдардың үйлесімділігін және кәсіби шеберліктерін дәлелдеді.
Биылғы жылы әлемнің ең үздік арнайы мақсаттағы бөлімшелерін біріктірген халықаралық UAE SWAT Challenge 2026 турнирінде қазақстандық командалар үздік нәтиже көрсетті. Жарысқа 48 мемлекеттің 109 командасы қатысты. Соның ішінде Қазақстан өкілдері жалпы есепте бірінші және екінші орындарды иеленді. Сонымен қатар, «Томирис» командасы турнирдегі әйелдер командалары арасында үздік атанып, жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, көптеген ерлер бөлімшелерінен де озып шықты.
Бүгінгі таңда арнайы мақсаттағы бөлімшелер өз дағдыларын жетілдіруді жалғастырып, заманауи технологияларды меңгеріп, жауынгерлік әлеуетін нығайтып келеді. Олар қазіргі заманғы қауіп-қатерлер жағдайында мемлекеттің сенімді қалқаны болып қала береді.
Арнайы мақсаттағы бөлімшелер күніне орай барлық әскери қызметшілер мен арнайы жасақ қызметкерлеріне ерлігі, жанқиярлығы және борышына адалдығы үшін шынайы алғыс білдіреміз. Оларға мықты денсаулық, амандық, жаңа кәсіби жетістіктер және Қазақстан Республикасына қызмет етуде табыс тілейміз.