Live

Үндістанға ем іздеп барған 16 жастағы қазақстандық көз жұмды: анасы делдал компанияны кінәлады

Қызылордалық 16 жастағы жасөспірім Сұңқар Сәбит Үндістанда көз жұмды. Ол онкологиялық дертті емдеу үшін шетелге жеткізілген болатын.

Сұңқар Сәбит

Анасы Райхан Маликованың айтуынша, ұлы шетелде екі аптаға жуық болғанымен, қажетті емді алып үлгермеген.

Оның сөзінше, сәуір айында жасөспірімге «аталық без қатерлі ісігі» диагнозы қойылған. Осыдан кейін отбасы шетелден көмек іздеп, медициналық сапарларды ұйымдастырумен айналысатын шымкенттік компаниямен келісімшарт жасаған.

Алайда анасының айтуынша, уақытылы ем ұйымдастырудың орнына делдалдар отбасының ақшасын жұмсап, процесті созған.

«15–20 миллион теңге кеткен шығар деп ойлаймын. Бірақ нақты білмеймін. Несие алдым, бірнәрселерді саттым, адамдар 2–3 миллион теңге жинап берді. Ешқандай ем алмадық, ештеңе жасалмады. Тек ақша шығындады. Ақшаны қайтарса да, баламның өмірі қайтып келмейді», – деді Райхан Маликова.

Оның айтуынша, отбасы ұлын құтқару үшін бар жиған-тергенін жұмсаған. Бірақ үнді дәрігерлері қажетті емді бастап үлгермеген. Сұңқар Сәбит Үндістанда болғанының 12-күні қайтыс болған.

Ал сапарды ұйымдастыруға көмектескен Medical travel компаниясы тағылған айыптарды жоққа шығарды. Компания басшылығы ананың өздеріне қызмет үшін ақша төлемегенін, олардың жұмысын Үндістан клиникалары қаржыландыратынын мәлімдеді.

«Бізге Үндістан мемлекеті төлейді. Пациент тарапынан ондай сома алынбайды. Пациент қан анализін тапсырса – соған ғана төлейді. Мен де, аудармашым да пациенттің картасынан ақша алмаймыз. ПЭТ/КТ, дәрігер қабылдауы, МРТ – мұның бәрін пациенттің өзі төлейді», – деді компания құрылтайшысы.

Қаза тапқан жасөспірімнің анасы прокуратураға жүгінген. Облыстық прокуратура арыз қабылданғанын және көрсетілген фактілер бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Сонымен қатар ведомство әзірге қылмыстық құрамның бар-жоғы туралы айту ерте екенін мәлімдеді.

Райхан Маликованың сөзінше, ұлының өліміне қатерлі ісік емес, жүрек-қантамыр жүйесінің бітелуі себеп болған. Осыған байланысты ол ауруды дер кезінде анықтамады деп қазақстандық дәрігерлерге де шағым түсірмек.

Белгілі болғандай, 16 жастағы Сұңқар Сәбит биыл электрик мамандығы бойынша колледжге түскен.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз