Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:42, 09 Қыркүйек 2024

Шольц: Ресей Украина бойынша бейбітшілік саммитіне қатысуы керек

а
Фото: Sputnik / Сергей Гунеев

Украина бойынша екінші бейбіт конференция Ресейдің қатысуымен өтуі керек. Бұл туралы Германия канцлері Олаф Шольц неміс БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мәлімдеді. 

Шольц Украина президенті Владимир Зеленскийдің де осындай пікірде екенін айтты. Ол сондай-ақ қақтығысты шешу үшін күш-жігерді күшейтуге шақырды.

«Менің ойымша, қазір біз бұл әскери жағдайдан қалай тез және мүмкіндігінше ерте шығу керектігін талқылауымыз керек.

Әрине, тағы бір бейбітшілік конференциясы болады, мен президент Зеленскийдің жиынға Ресей қатысуы керек дегенімен келісемін», - деді Германия үкіметінің басшысы.

Bloomberg Киев оны қарашада өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады.

Бұған дейінгі бейбітшілік конференциясы маусым айында Швейцарияда өткен болатын. Қорытынды коммюникеде 78 ел болашақ бейбіт келісімнің негізі ретінде «Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін құрметтеуді» қолдады. Алайда, оған жету үшін одан әрі қарайғы қадамдар анықталмады.

Ал, Мәскеу бұл келіссөздерге қатысқан жоқ.

Euronews-тің жазуынша, Шольц Германия үкіметінің ақша мен қаруды қоса алғанда, Украинаға қолдау көрсетуіне наразылардың күшейіп келе жатқан саяси қысымына тап болуда. Соңғы сайлауда Киевке әскери көмек көрсетуге қарсы болған бірнеше популистік партия жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Сонымен қатара, Шольцтің кейбір социал-демократиялық партия мүшелері де Ресейге қатысты дипломатияға баса назар аударуға шақырған.

Бұған дейін Германиядағы Рамштайн әскери базасында Украина бойынша байланыс тобының отырысы аяқталды.

Онда АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Киевке 250 миллион доллар көлеміндегі әскери көмектің кезекті пакетін жариялады. Ұлыбритания Украина қарулы күштерімен бірге 650 зениттік зымыранды, ал Германия - 12 өздігінен жүретін гаубицаны жіберуге уәде берді.