Әлеумет

Еңбек министрі: Қазақстанда кейбір салалар біртіндеп төрт күндік жұмыс аптасына көшеді

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Tengrinews-ке берген сұхбатында елдегі жекелеген салалар уақыт өте келе төрт күндік жұмыс аптасына көшетінін айтты.

жұмыс

Оның сөзінше, төрт күндік жұмыс аптасын енгізу мүмкіндігі қазірдің өзінде Қазақстан заңнамасында қарастырылған. Мұндай жұмыс тәртібі жұмыс беруші мен қызметкерлердің өзара келісімі және ұйым қызметінің ерекшелігі ескеріле отырып енгізілуі мүмкін.

«Егер ұйым қызметіне қатысты барлық мәселені төрт күнде шешуге мүмкіндік болса, жұмыс беруші осындай шешім қабылдай алады. Меніңше, біз бұған біртіндеп келеміз. Қалай болғанда да, уақыт өте келе жекелеген салалар төрт күндік жұмыс аптасына өте бастайды», – деді Асқарбек Ертаев.

Министрдің пікірінше, алғашқы болып төрт күндік жұмыс аптасын енгізген ұйымдар басқа жұмыс берушілерге үлгі болады. Кейін бұл тәжірибе зерттеліп, кеңінен қолданыла бастайды.

«Бұл біз үшін әзірге жаңалық болғанымен, Еңбек кодексі мұндай мүмкіндікті қарастырады. Сонымен қатар қашықтан жұмыс істеу, толық емес жұмыс уақыты, икемді жұмыс кестесі және ауысымдық жұмыс режимі де заңда көзделген», – деді министр.

Ертаевтың айтуынша, қашықтан жұмыс істеу форматы қазірдің өзінде IT саласында кеңінен қолданылып келеді. Ал толық емес жұмыс уақыты қызметкерді жарты күнге жұмысқа алатын қосалқы бөлімдерде тиімді болуы мүмкін.

Сондай-ақ икемді жұмыс кестесі қызметкерге жұмысты таңғы 08:00-де емес, мысалы, 09:30-да бастап, отбасылық жағдайына қарай кешірек аяқтауға мүмкіндік береді.

Еске салайық, Қазақстанда 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне еніп, төрт күндік жұмыс аптасын қолдануға ресми түрде рұқсат берілді. Бұл тәжірибе негізінен кеңсе қызметкерлеріне арналған және халықаралық еңбек стандарттарына сәйкес келеді. Алайда заңда мұндай мүмкіндік болғанымен, төрт күндік жұмыс аптасы елімізде әлі кеңінен тарала қойған жоқ.

Соңғы жылдары әлемнің көптеген елдері төрт күндік жұмыс аптасын сынақтан өткізіп келеді. Зерттеушілер қосымша демалыс күнінің қызметкерлердің еңбек өнімділігіне, денсаулығына, өмір сапасына, компаниялардың табысына, қоршаған ортаға және гендерлік теңдікке әсерін зерттеген.

Ең ауқымды тәжірибе 2015–2019 жылдары Исландияда өткізілді. Зерттеу аясында шамамен 3000 адам аптасына 35–36 сағат жұмыс істеп, жалақысы қысқартылған жоқ. Нәтижесінде эксперимент «өте сәтті» деп бағаланып, еңбек өнімділігі артқаны немесе бұрынғы деңгейде сақталғаны анықталды. Сонымен қатар қызметкерлердің күйзелісі азайып, денсаулығына және жеке қызығушылықтарына көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік туған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз