Қазақстан банктері сегіз айда 1,61 трлн теңге пайда тапты
Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінің 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы таза пайдасы 1,61 трлн теңгеге жетті.
Былтыр осы кезеңде банктер 1,864 трлн теңге пайда тапқан. Осылайша, пайда шамамен 254 млрд теңгеге немесе 13,6%-ға төмендеген. Салыстырмалы түрде өткен жылы жағдай керісінше болған. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2025 жылдың сегіз айында банктердің пайдасы 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7%-ға өскен.
Бұл ретте банк секторының өзі бір жыл ішінде айтарлықтай ұлғайған. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банктердің активтері 75,69 трлн теңгеге жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 66,6 трлн теңге болған. Яғни активтер шамамен 9,1 трлн теңгеге немесе 13,6%-ға өскен. Банктердің міндеттемелері де бір жылда шамамен 13,1%-ға – 56,9 трлн теңгеден 64,37 трлн теңгеге дейін артқан. Ал меншікті капитал бұдан да жоғары қарқынмен өсіп, 9,8 трлн теңгеден 11,32 трлн теңгеге жетті. Бұл – шамамен 15,5%-ға өсу. Яғни бір жыл ішінде банктер активтері мен капиталын екі таңбалы қарқынмен ұлғайтқан. Алайда бұл әзірге таза пайданың өсуіне әсер етпеген.