Дональд Трамп Конгресске Иранға қарсы әскери әрекеттердің аяқталғанын хабарлады
АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні Конгресске екі хат жолдап, Иранға қатысты әскери операцияларға заң шығарушылардың қосымша рұқсаты қажет емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды NBC News.
Ақ үй басшысы хаттардың бірін Өкілдер палатасына, екіншісін Сенатқа жолдаған. Ол 2026 жылғы 7 сәуірде екі аптаға жарияланған атысты тоқтату режимі кейін ұзартылғанын атап өтті.
«7 сәуірден бері АҚШ пен Иран қарулы күштері арасында оқ атылған жоқ. 28 ақпанда басталған әскери әрекеттер тоқтатылды», – делінген хатта.
Сонымен қатар Трамп Иран тарапынан келетін қауіп әлі де жоғары екенін жеткізді.
Президент Конгресті алдағы жағдайдың дамуы туралы хабардар етіп отыруға уәде берді. Бұл хаттар Конгресс мүшелері арасында әскери әрекеттерге ресми рұқсат беру мәселесі бойынша талқылау күшейген тұста жолданған.
1973 жылғы әскери өкілеттіктер туралы қарарға сәйкес, егер қақтығыс 60 күннен асса, президент Конгрестен мақұлдау сұрауы тиіс. Алайда Трамп өз мәлімдемесінде бұл талапқа жүгінбейтінін білдірді.
Айта кетейік, АҚШ-тың Иранға қарсы әскери соққылары 28 ақпанда басталғанымен, әкімшілік Конгресті 2 наурызда хабардар еткен. Осы күннен бастап 60 күндік мерзім есептеле бастады.