Санжар Тәшкенбай әлем кубогында Қазақстан қоржынына медаль салды
Қазақстандық екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай Қытайда өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының ширек финалында Қырғызстан өкілі Анваржан Ходжиевті айқын басымдықпен жеңіп, жүлдені өзіне қамтамасыз етті.
50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен жекпе-жек үш раундқа созылды. Үш раундтың барлығында төрешілер жеңісті қазақстандық боксшыға берді.
Қорытынды есеп — 5:0, Санжар Тәшкенбайдың пайдасына.
Турнир регламентіне сәйкес үшінші орын үшін жекпе-жек өткізілмейді. Сондықтан ширек финалдағы жеңіс Тәшкенбайға кем дегенде қола медальді кепілдендірді.
Еске салсақ, Санжар Тәшкенбай 48 және 50 келі салмақ дәрежелерінде әлем чемпионы атанған. Қазіргі уақытта ол World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпионы саналады.
Айта кетейік, Тәшкенбайдың медалі Қытайдағы Әлем кубогында Қазақстан құрамасы үшін төртінші жүлде болмақ. Сонымен қатар бұл ерлер құрамасының алғашқы медалі.
Бұған дейін жартылай финалға Дина Исламбекова (80 келіден жоғары), Назым Қызайбай (54 келіге дейін) және Виктория Графеева (60 келіге дейін) жолдама алған болатын.