Қоғам

Ақтөбеде туристік қызмет көрсетемін деп азаматтарды алдаған күдіктіге қатысты тергеу басталды

Ақтөбеде туристік қызмет көрсету желеуімен жасалған алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы қала прокуратурасы хабарлады.

алаяқ

Тергеу мәліметінше, күдікті әлеуметтік желілер арқылы шетелге туристік сапарлар ұйымдастыру туралы хабарландырулар жариялап, азаматтарға турларды, әуе билеттерін және қонақүйдегі орындарды брондап беремін деп уәде еткен.

Ол туристік қызметтерді ұйымдастыру үшін азаматтардан алдын ала ақшалай қаражат алғанымен, өз міндеттемелерін орындамаған. Нәтижесінде туристік сапарлар ұйымдастырылмай, жәбірленушілердің қаражаты күдіктінің жеке мақсаттарына жұмсалған.

Заңсыз әрекеттер салдарынан азаматтарға елеулі материалдық шығын келтірілген.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Осыған байланысты Ақтөбе қаласының прокуратурасы азаматтарды интернет пен әлеуметтік желілер арқылы туристік қызмет сатып алу кезінде сақ болуға шақырды. Ведомство ақша аудармас бұрын туроператордың немесе туристік агенттіктің мемлекеттік тіркеуден өткенін тексеруге, компания туралы пікірлермен танысуға, келісімшарт талаптарын мұқият оқып шығуға және төлемді растайтын құжаттар мен хат-хабарларды сақтап қоюға кеңес береді.

Егер сіз осындай алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе мұндай фактілер туралы ақпаратыңыз болса, құқық қорғау органдарына дереу хабарласу қажет.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз